Мәдениет

“Аққан жұлдыздай тағдыр” республикалық конференциясы

 Шоқан өмірі қаншалықты қысқа болса, қалдырған еңбегі соншалықты мол. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ашылған кітап көрмесінде қазақтың біртуар ұлының еңбектері, ол жайлы қалам тербеген зерттеушілердің туындылары қойылды. Хан Абылай ұрпағының бойындағы тектілік бала Шоқаннан жастайынан көрінді. Отызға жетпей дүние салған ғалым қысқа ғұмырында артына  баға жетпес байлық қалдырды. Шоқан Уәлихановтың 175 жылдығына орай берісі Қазақстан, әрісі Ресей жерінде түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Жас ғалымның балалық шағы өткен Солтүстік Қазақстан өңірі үшін бұл конференцияның орны ерекше.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:

 

 

-Атақты ғалым, публицист, географ Шоқан Уәлиханов 19 ғасырда туған ерекше тұлға. Оның қысқа да жарқын ғұмырындағы жан-жақты ғылыми еңбектері белгілі.

Жастайынан атасы Шоқанның мұрасын зерттеп жүрген ұрпағы – танымал мүсінші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген архитекторы Шота Уәлиханов үшін шоқантану жолындағы шараның әрбірінің жүгі ауыр. Абылай ханның ұрпағы, Уәли сұлтанның жұрағаты Шота Едіресұлы ес білгелі жастай кеткен ғалым бабасының еңбектерін жинақтаумен, еліне ұсынумен келеді.

  Шота Уәлиханов:

-Арнадан мың сан байқасам

 Құйылып шабыт жатады.

Шота болып оянсам,

Шоқан боп күнім батады.

Ал ақын, сазгер, ғалым Кәкімбек Салықов Шота Ыдырысұлымен  Шоқанның жесірі Айсарының қызымен кездескен күндерін еске алды. Соңғы жарты ғасырда  шоқантанушылар қатары көбейді. Белгілі сәтбаевтанушы Кәкімбек аға өз баяндамасында Шоқан мен Қаныштың әкесі Имантайдың байланысына ерекше тоқталды. Текті отбасылардың қарым-қатынасына айрықша көңіл бөлді.

  Кәкімбек Салықов, ақын,  мемлекет және қоғам қайраткері: 

-М.Әуезов ағамыз айтқан ғой-алдымызда кім бар деп: Шоқан, Абай, Қаныш. Төртіншісі-өзі. Қазақтың төрт діңгегі, төрт бағаны. Осы төртеуі рухани шаңырақты көтеріп тұр. Қанекеңді қарап отырсақ, оның алдында тұрған Шоқан мен Абай болған. Әсіресе, тікелей Шоқан үлгі болған.

Бұл күндері Шоқанның 175 жылдығына арналған шаралар әр жерде ұйымдастырылып жатыр. Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология интитутының директоры Сәттар Мәжитов өзінің тек осындай 70 конференцияға қатысқанын айтады. Әр конференцияда жаңа деректер келтіріледі. Олардың алдағы уақытта көбеюі де ғажап емес.

  Сәттар Мәжитов,  Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры :

-Қазір Ресейдің сыртқы істер министрлігінің мұрағат департаментімен келісім жүргізіліп жатыр. Біраз деректер алынғалы отыр.

Бұл күндері Шоқан Уәлихановтың өмірі Батыс елдері мен Қытайдың қызығушылығын тудырған. Ал шоқантану бойынша  800-ден аса ғылыми еңбек басылған. Ғалымның 175 жылдығына орай “Шоқан Уәлиханов” энциклопедиясы жарық көрген.

  Қадыржан Әбуов,  Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі:

– Көкшетау мемлекеттік  университеті энциклопедия шығарды. Бұл энциклопедия әр шаңырақта, әр мекемеде болуы керек деп ойлаймын. Жастар Шоқанға қарап  бой түзейді. Шоқандай елін сүйсе, игілікті іс болар еді.

Конференцияға “Шоқан” атты магистранттар клубының өкілдері, халықаралық “Шоқан жолдары” жобасының өкілдері қатысты. Облыс әкімі Серік Біләлов осы клубтың мүшелігіне қабылданды. Ал Шоқан мұрасын зерттеп жүргендер Шота Уәлиханов пен өңір басшымына ғалымның бейнесі басылған жейделерді табыс етті. Аққан жұлдыздай жарқ еткен Шоқан Уәлихановтың еңбектері өз заманында қаншалықты құнды болса, араға 1,5 ғасыр салып, бағасы өсе түскен. Жыл өткен сайын шоқантанушылар қатары көбейіп келеді. Дегенмен, Шоқан өмірінің ақтаңдақтары әлі де мол. Оларды зерттеу бүгінгі ұрпаққа парыз.  

Әсем Сембина