Ауыл шаруашылығы

Омарташыларға арналған оқу курсы

 

 

 

 

Араның қай түріне қандай күтім керек, оның ұясын қысқа қалай дайындау қажет. Мұның бәрі енді арнайы сабақ түрінде оқытылатын болады. 2 айға созылатын курстың құны 25 мың теңге. Омарташылыққа қызығушылық білдірген азаматтар саны әзірге 4-еу ақ. Дегенмен қауымдастық мүшелері бұл мамандықты меңгергісі келетіндер қатарының артатынына сенімді.

  Олег Гаврилов,  СҚО омарташылар қауымдастығының төрағасы:
 –  Бұл курсты ашқандағы мақсатымыз – облысымызда осы сала мамандарын көбейту. Теорияны аяқтаған соң үйренушілер кәдімгі ара ұяларын қолданып тәжірибеден өтеді.

Осы маусымда жергілікті ара өсіру ісінің шеберлері 50 тоннаға жуық бал өндіріпті. Пайдалы өніммен олар ағымдағы жылы қаланың 15 мектебін қамтамасыз етіп отыр. Бірақ басқа жылдармен салыстырғанда бұл аз. Сондықтан да сапалы бал өндірушілер қатарын көбейту қажеттігі туып отыр дейді курс жетекшісі.

  Татьяна Теплова, оқытушы:
 – Біз аралардың аурулары, морфологиясы сияқты тақырыптарды сөз етеміз. Қысқы араның ұясын қалай жабдықтауды үйретеміз. Әрине, 2 айда университет бағдарламасын өте алмаймыз. Шамамыз келгенше оқытамыз.  

Үлкен сұранысқа ие, денсаулыққа пайдалы өнім өндіремін деушілер үшін қолайлы жағдайлар қарастырылған. Оқып біткен шәкірттер бірден омарташылар қауымдастығына қабылданып, лицензияланған төлқұжатқа ие болады. Ал ол өз ісін ашам деушілерге 2 мың АҚШ долларына дейін несие алуға мүмкіндік беретін құжат. Қарызды ақшамен ғана емес, балмен де қайтаруға болады. Осындай қолайлы шарттарды қолданып қалғысы келгендердің бірі Леонид Баянов.

  Леонид Баянов:
-Ең алдымен ара жәндігімен танысып алу қажет. Одан кейін бал өндіруге көшеміз. Мұғаліміміз өз ісінің маманы, ең керектіні меңгеріп шығамыз деп ойлаймын.

Алдағы сенбі күні омарташылар қауымдастығы бал өнімдерінің жәрмеңкесін өткізуді көздеп отыр. Қыс мезгілінде әр адамға қажетті шипалы өнімнің келісі 900 теңгеден саудаланады.
 

 

Кәусар Аяпбергенқызы