Білім

Облыс мектептерінде электрондық оқулықтар сынақтан өткізіледі

 

 

 

 Екінші тоқсаннан бастап, өңіріміздің бірқатар  мектептерінде сабақта электрондық оқулықтар қолданылады.  Шығыс Қазақстан облысында бұл әдіс өткен оқу жылының 4-ші тоқсанында енгізіліпті. Сынақтан кейін мектеп оқушыларының білім деңгейі 66 пайызға дейін өскен. «Болашақта жобаның ауқымы кеңейеді» дейді «ПАРАСАТ» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің өкілі Әлмира Тәжіғұлова

  Әлмира Тәжіғұлова,  «Ұлттық ақпараттандыру орталығы» АҚ-ның вице-президенті, педагогика ғылымдарының докторы:
-Республиканың барлық облыстарына барып жүрміз. Шығыс Қазақстан облысында өткіздік, Алматы облысында өтіп жатыр. Білім және ғылым министрлігі Астана қаласында екі шағын мектепте тағы осындай пилоттық жобаны жүзеге асыруда. Нәтижесі болса, Павлодар, Маңғыстау облыстарында да қолға аламыз.

Презентацияға 17 мектептің ұстаздары қатысуда. Есіл ауданының Николаевка орта мектебінде де білім берудің жаңа әдістемесі 2-ші тоқсаннан жүзеге аспақ. Онда 253 оқушы білім алады. Мектеп директоры тәжірибеге толыққанды дайын екендігін білдірді.

Бауыржан Төленов, Николаевка орта мектебінің директоры:
 – 1-тоқсанның нәтижелері тәжірибе алдында қорытындыланып алынған. Енді 2-тоқсан бойы эксперимент жүргізіледі. Біздің мектепте 7 интерактивті тақта, мультимедиялық кабинет, барлық жағдайлар жасалған эксперименттің өтуіне

Жиынға келген оқытушылар білім берудің жаңа әдісімен танысып, меңгеруде. Мұғалімдер жаңадан енгізілетін электрондық оқулықтар білім беру жүйесін тиімді ететінін айтады.

Мұғалімдер:

-Бұл электрондық оқулықтар оқушыларға өте тиімді деп ойлаймын. Себебі бұлар өте қызықты, тартымды және мазмұнды.
 -Барлығын қызықтырады деп ойлаймын. Өте жақсы. Өзімізді қызықтырып, баурап алды. Көп нәрсе бар екенін біліп жатырмыз.

Электрондық оқулықтардың жобасы осыдан 16 жыл бұрын дайындала бастаған. Бүгінде француз, неміс тілдерінен өзге барлық пәндердің электрондық оқулықтары бар. Дүниежүзі тарихы пәнінен толық құрастырылмапты. Ал ағылшын тілінен заманауи оқулық Сингапур мамандарымен бірлесіп жасалған. Егер тәжірибе оң нәтижесін берсе, алдағы оқу жылында жоба облысымыздың барлық мектептерінде іске асады.

Айдана Демесінова