Мәдениет

Шоқан Уәлихановтың туғанына 175 жыл толуына арналған шаралар басталды

 

 

 

 

Бұл ескерткіш Шоқан Уәлиханов көшесіндегі саябаққа ғалымның 140 жылдығына орай 1975 жылы орнатылған еді. Осы араға жиналған қалың жұртшылық қазақтың жарық жұлдызы болған аяулы перзентінің рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Салтанатты шараға облыс әкімі Серік Біләлов, Шоқан Уәлихановтың бауырының ұрпағы, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Шота Уәлиханов, белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұдан кейін құрметті қонақтар облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қабырғасына орнатылған  Ш.Уәлиханов пен Ф.Достоевский барельефіне гүл шоқтарын қойды. Екі ұлы халықтың дана перзенттері бейнеленген  барельеф ұлттар арасындағы мызғымас достықтың белгісі  ретінде 2005 жылы ашылған. Халқымыздың сүйікті ұлының рухына тағзым етуге кейінгі толқын өкілдері де келген. Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан Шоқанның шығармашылығымен барлық жастар жіті танысып үлгермесе де білетіндері мол.

  Өмірсерік Қайырбеков, қалалық классикалық гимназия оқушысы:
– Ш.Уалиханов қазақ  халқының геологы, ғалымы, тарихшысы. Ол көп еңбек сіңірген. Оны біз құрметтейміз. Мен 8 сыныпта оқимын. Өкінішке қарай, шығармаларын әлі өткен жоқпыз. Бірақ оны оқу өте қызық болады деп ойлаймын.

Шоқан Уәлиханов шығармалашылығында ақ қайыңдар өлкесінің  өзіндік орны бар. Сондықтан мұражайдың 12 бөлмесін аралаған меймандар Шоқанды жаңа қырынан танығандай болып шықты. Ал асылдың тұяғындай арамызда жүрген Шота Ыдырысұлы атасына көрсетіліп жатқан құрметтің деңгейін былайша бағалады.

  Шота Уәлиханов, ҚР Құрметті сәулетшісі, халықаралық Шыңғыс хан академиясының құрметті президенті, профессор:
 – Ең бастысы Шоқанға көрсетілген құрмет оның жазғандарын кітап қылып шығару. Әлі аяқталған жұмыс емес, бірақ 4-5 томдық еңбектері шықты. Ол өзі көп жасамаған ғой,  не бары 30 жыл жасады. Шоқан әлі біздің ортамызға жақсылап келеді. Оның еңбегі ешқашан ұмытылмайды.

Шоқан ұрпағының бұл сөзін оның халқы іс жүзінде дәлелдеп келеді.

Таңат Сүгірбаев, “Асыл мұра” орталығының жетекшісі:
-Еңбектері  неміс, француз, ағылшын тілдерінде жарияланған болатын. Шынында біз оның атын үлкен құрметпен атаймыз. Ол жөнінде тарихи кітаптар шықты. С.Мұқановтың “Аққан жұлдызын” кім оқымады. Ол жөнінде екі көркем фильм шықты.

Бүгінгі салтанатты жиын мерейтойдың бастапқы бөлімі. Ертең осы зиялы топ Шоқанның сүйікті әжесі Айғаным ханшаның қонысы Сырымбетке бармақшы.

Кәусар Аяпбергенқызы