Құқық қорғау органдары

Жол полицейлерінің рейді көбейді

 

 

 

 

 

Қыстың ызғары білініп, көктайғақ пайда бола бастағанда көліктердің апатқа түсу қаупі біршама өседі. Мұны көпжылғы тәжірибе көрсетіп отыр. Биылғы жылдың 10 айында облыс жолдарында 256 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Нәтижесінде 54 адам қаза тауып, 313 адам түрлі жарақат алды. Жол-көлік апаттарының 198 –і жүргізушілердің кінәсінен болғандығы белгілі. Биыл көшелердегі қауіпті төмендету үшін облыс жолдарына шыққан жол полициясы қызметкерлерінің саны артты.

  Әбілсейіт Жолаушин,  СҚО ІІД Жол полициясы басқармасының қызметкері:
 – Әр жүргізуші өз көлігін қысқы мерзімге, көктайғаққа дайындауы тиіс. Нақты айтқанда көліктегі тежеу жүйесінің жарамдығын тексеріп, жазғы дөңгелектерді қысқыға ауыстыру қажет. Сонымен қатар, жолда жүру ережелерін мүлтіксіз сақтау керектігін естен шығармаған жөн.

Жол полициясы қызметкерлері қалада күнделікті 300-ге жуық өрескел ереже бұзушылықты тіркейді екен. Күніне кем дегенде  рөлге мас күйінде отырған 10 жүргізуші ұсталады. Қазірде жол полицейлері өткізіп жатқан рейдтер қатардағы жүргізушілерге ғана бағытталмаған. Мемлекеттік орган өкілдері мен полицейлер тарапынан жасалатын ереже бұзушылықтарды анықтау бойынша да мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Мұндай рейдтік шаралар енді ұдайы ұйымдастырылмақ.  Себебі “Сақтансаң  – сақтаймын” деген нақылдың дұрыстығын жолдағы тәртіп сақшылары өз тәжірибелерінен жақсы біледі.

Кәусар Аяпбергенқызы