Спорт

Спорттық биден ҚР ашық чемпионаты

 

 

 

 

 

Қазақстан кубогы үшін таласуға әр облыстың ең үздік жұптары жиналды. Байрақты бәсекенің бастапқы кезеңдерінде бес жүзге жуық биші 3 жас дәрежесінде бақ сынасты. Көрікті кешті облыс әкімінің орынбасары Ф.Қуанғанов ашты. Барлық бишілер үшін бағдарлама бидің он түрінен тұрады. Оның бесеуі еуропалық стильде болса, қалған бесеуі латынамерикалық стильде. «Самбо», «Ча ча ча», «Румбо» билерінің әуенімен ырғалып жүрген  қыз-жігіттердің бойында бір мін жоқ. Әдемі қозғалыс, жүздерінде күлкі, үстерінде жалт-жұлт еткен келісті киім. Бірақ бұл сайыскерлерге қойылған талаптың бір бөлігі ғана.

  Денис Есауленко,   Би спорты республикалық федерациясының президенті:
 – Қазылардың қояр талабы өте көп. Оның ішіне музыкадан бастап киген киімдеріне дейін енеді. Әр бидің өзіндік ережесі болады. Соларды мұқият қадағалап отыру қажет. Жалпы бұл спорт биінің деңгейі жылдан-жылға артып келеді.

Ел кубогына үміткерлердің басым бөлігін алматылықтар құрайды. «Бродвей» клубының тәрбиеленушісі Алдан Бақаев алғашқылардың бірі болып өз жұбымен Оңтүстік Қазақстанның намысын қорғады. Сайысты сәтті бастаған көрінеді.

 
  Алдан Бақаев , байқауға қатысушы, Алматы облысы:
 – Өзім қандай би көрсете аламын, соны көрсете алдым. Орын үшін билесең жетістігің күткендей болмайды. Тек өзің не білетініңді паркетке шығып көрсете аласың.

Ал Солтүстік Қазақстанның намысы бұл жолы берік қолда. Артур Сабитов пен Кристина Григорян спорттық биден ел құрамасына енген. Жақында олар Азия чемпионатында  2-ші орынды жеңіп алыпты.

  Артур Сабитов, байқауға қатысушы, Петропавл қаласы:
– Шынын айтсақ,  қазір біз Азия чемпионатынан да бетер қобалжып тұрмыз. Себебі өз алаңымызда бізге жүктелген жауапкершіліктің жүгі ауыр. Дегенмен бар білгенімізді көрсетеміз.


Байқау финалына күрделі іріктеуден өткен 22 жұп қана жолдама алды. Ақтық сында 3 жас дәрежесіндегі әрбір келісті жұп жиналған жанкүйерлер мен төрешілерді әсем биге қарық қылды. Сымдай тартылған сымбатты жастар осылайша вальс құшағында ырғалып жүргенде  қазылар жеңімпаздарды анықтап та қойды. Жасөспірімдер арасынан 1-ші орынға алматылықтар тұрақтады. 2-ші орынға да Алматы қаласы «Танго» клубының тәрбиеленушілері көтерілді. 3-ші орында -қарағандылық бишілер. Жерлестеріміз Артур мен Кристинаға да  3-ші  орын тиді. Дегенмен бұл жастардың жігерлерін жасытпады. Оларды әлі Қытайда өтетін Азия чемпионаты күтіп тұр.
 

Артур Сабитов, байқау жүлдегері,  Петропавл қаласы:
 – 1-ші орынға ілікпегенімізге аса ренжіген жоқпыз. Бұл жолы қарсыластарымыз бізден басым түсті. Келесіде бұдан да жақсы өнер көрсетеміз.

Байқаудың барлық жеңімпаздары демеушілердің сыйлықтарына ие болды. Ал екі күн бойы сүйікті жұптарын қолдаған жанкүйерлер ұмытылмас мол әсермен қайтты.

Кәусар Аяпбергенқызы