Денсаулық сақтау

Оқушылар неден ауырды?

 

 

 



Петропавлдағы “Дарын” мектеп-лицейінің 8 оқушысы жексенбіден дүйсенбіге  қараған түні ауруханаға түскен. Дәрігерлік сараптама нәтижесі бойынша  бүлдіршіндердің уланғаны анықталды. Ішек инфекциясына бірінші және үшінші сынып оқушылары шалдыққан. Өткір іш ауруы, жүрек  айнуы және дене қызуының көтерілуі ата-аналармен қатар санитар дәрігерлерді де біраз қобалжытты. Жасөспірімдердің күзгі  демалысқа шыққандарына үш күндей болып қалған еді. Сондықтан олар  бұл ауруды бір-бірінен жұқтырды деу  негізсіз. Қоздырғыштың анықтауға асыққан мамандар алғашқы тексеріс жұмыстарын мектеп сыныптары мен асханада жүргізді.

 Наталья Глядько, “Дарын” мектеп-лицейі директорының орынбасары:

Ас жақсы. Біз де олармен бірге тамақтанамыз.

Мектептегі санитарлық жағдаймен танысқан дәрігерлер зардап шеккен отбасыларының  үйлеріне де кіріп шықты.

 

Юрий Пузиков, “СҚО бойынша МСЭҚБ” ММ директорының орынбасары:

-Науқастардың көп бөлігі асқазан ауруымен түсті. Келесілері іш ауруымен келді. Сондықтан оларды басқа ауруханаға жібердік. Басқалары энтеровирустық инфекциямен жатқызылған болатын.

Сөйтіп, жасөспірімдерге осы демалыстарын инфекциялық бөлімшеде өткізуге тура келеді. Дегенмен қазір науқастардың жағдайы тұрақтады.

Елена Коптяева, №3 қалалық аурухананың балалар инфекциясы бөлімшесінің меңгерушісі:

-Балалардың жағдайы жаман емес. Олардың дене қызуы түсіп, жүрек айнуы басылды.  Тәбеттері де біршама жақсарып қалды.

Зерттеу қорытындысы бейсенбі күні белгілі болмақ. Егер дәрігерлердің күдігі бойынша балалардан сальмонеллез ауруы анықталмаса,  аптаның соңына қарай ауруханадан шыға алады.

Гүлден Сәрсенбаева