Билік

Қарияларды әлеуметтік қолдау айлығының қорытындылары

 

 

 

Қарашаның бірінде бір айға жалғасқан қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығы аяқталды. Айлық аясында көптеген игі іс-шаралар атқарылған. 18 қыркүйек күні облыс көлемінде қайырымдылық сенбілігі өткізілді. 139 мың адам қатысқан сенбілік кезінде 64 млн. теңгеден астам қаржы жиналған. Бұл қаражат қарттар мен мүгедектерге көмек көрсетуге бағытталды. Жалпы айлық аясында зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға 123 млн. теңгенің материалдық көмегі көрсетілді.  Облысымызда бүгінде 120 мыңға жуық қария мен мүгедек тұрады. 89 мың адамға айлық кезінде қолдау жасалды. Зейнеткерлерге азық-түлік таратылып, үйлеріне отын, жем-шөп жеткізілді.

  Алма Махметова, СҚО халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бас маманы:
-120 зейнеткер мен мүгедектің баспанасы жөнделді. Көмекке мұқтаж 564 адамға күнде тегін тамақтандыру ұйымдастырылды, оларға 3 977 әр түрлі киім жинап таратылды. Емдеу мекемелеріндегі 258 зейнеткер мен үйінде төсек тартып жатқан 1 572 қарт адамға көмек көрсетілді.

Түрлі кәсіпорындар мен мекемелердің ұжымдары зейнетке шыққан қызметкерлерін ұмыт қалдырған жоқ. Бір ай бойы түрлі шаралар ұйымдастырып, аға толқын өкілдерін ықыласқа бөледі. Ал 100 жастан асқан қарияларға арнайы құрмет көрсетілді. Облысымызда  осындай  27 қарт тұрады.

  Алма Махметова, СҚО халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бас маманы:
-Облысымызда 50,55,60 жыл және одан ұзақ уақыт бірге тұрған ерлі-зайыптыларды құрметтеу іс-шарасы өткізілді, олардың барысында 294 отбасына жалпы сомасы 866 мың теңгеге материалдық көмек көрсетілді.

Сондай-ақ айлық кезінде соғыс және еңбек ардагерлері, көпбалалы аналар Астана қаласына саяхаттап келді. Ал ауылда тұратын қариялар облыс орталығының көрнекті жерлерімен танысты. Мамандар айлық аяқталғанымен бұндай игі істердің жалғасатынын айтады.

Айымгүл Әбілева