Денсаулық сақтау

Туберкулез шегінді

 

 

 

 

 

Республика бойынша  бұл қатерлі індетке шалдығудан біздің облысымыз алдыңғы қатарда. Дегенмен аурудан сауыққан адамдар санының барған сайын артып келе жатқандығы қуантады. 2009 жылы туберкулезден 111 адам қайтса, биыл бұл сан 81-ге дейін кеміді. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігін тұрғылықты мекен-жайы жоқтар мен түзету мекемелерінде отырғандар  құрайды.

  Владимир Безлер, СҚО бойынша денсаулық сақтау басқармасының стратегия және даму бөлімінің бастығы:
-Бағдарламаны жүзеге асыру барысында 2009 жылы құрт ауруын жұқтырғандар саны 2008 жылмен салыстарғанда 25%-ға азайды. 2010 жылдың 10 айында тағы 20%-ға төмендегені байқалады.

Қазірде бұл дерттің  ашық формасын жұқтырған 1 224 науқас  тіркеуде тұр, 1 167 адам өкпе туберкулезіне шалдыққан. Күрмеуі шешілмей жүрген басты мәселенің бірі емдеуден қашып, сау адамдар арасында еркін жүрген аурулардың аз еместігі. Тубдиспансер дәрігерлері бұл ретте қолдан келгендерін жасап жатыр.

  Павел Соболевский, облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері:
– Салыстырмалы түрде қарасақ, ауру көрсеткішінің төмендегені анық білінеді. Жылына біз ересектердің 85 пайызын, балалардың 96 пайызын тексеруден өткіземіз. Әрине, өз еріктерімен емделуден бас тартатындар да жеткілікті.

Облыс бойынша 485 емдеу мекемесі бар.  Олардың арасында жыл сайын туберкулезді емдейтін мекемелер қатары да  өсіп келеді.

  Владимир Безлер, СҚО бойынша денсаулық сақтау басқармасының стратегия және даму бөлімі бастығы:
– Биыл республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға  Ғ.Мүсірепов, Жамбыл аудандарында екі жаңа диспансердің құрылысы аяқталады. 2009 жылы 956 млн теңгеге 36 медициналық мекемеге жөндеу жүргізілген болатын.

Жалпы туберкулезге шалдыққан адамдардың басым бөлігі медициналық тексеріс кезінде анықталған.

 Кәусар Аяпбергенқызы