Мәдениет

Шеберлер үйінде

 

 

 

 

Ішін тозаң басқан күңгірт, тар шеберханада көздің жауын алатын жүздеген тамаша туындылар дүниеге келді. Адамдар өздері күн сайын көріп жүрген, керемет шеберлікпен жасалған дүниелердің авторы кім екен деп   ойланып жатпайды. Сондай шеберлердің бірі – Константин Чайка өзін жұрттан оқшаулау ұстайды.  Ол  өз шығармашылық әлемінде, кейде тіпті адам баласына көрінбей, мүсіндерімен ғана тілдескенді қалайды екен.Шебер ағаш, мұз, темір сияқты кез-келген материалдың тілін таба алады. Петропавлдағы әдемі мүсіндердің көбі осы кісінің қолынан шыққан. Ал мұзға жан бітіру үшін ол өз есебінен Ресейдің Пермь, Салехард, Новосібір қалаларына барып түрлі байқауларға қатысады екен. Петропавлдықтардың әрбіріне жақсы таныс Настя деп аталған композиция да нақ осы шеберханада жасалған болатын.  Алайда мүсін белгісіз бұзықтардың кесірінен Конституция көшесінде көп тұрақтай алмай, қайта шеберханаға оралды. Шебер оны қалпына келтірумен айналысып жатыр. Қазір Константиннің бар ойы Чернобыль апатының құрбандарына арналатын экспозициясын аяқтап, сол жұмысымен үлкен конкурсқа қатысу. Ал оның шеберханадағы көршісі қаланың танымал адамдарының бірі десек болады. Василий Джан бір бойына көп өнер дарыған  сан қырлы шебер. Осыдан 7 жыл бұрын ол қаладағы үздік ди-джей атаныпты. Кейін осында кендо шығыс өнерінің негізін салды. Қазір осы спортқа кеңірек жол ашуды көздеп жүр. Одан қалған уақытта Василий шырша, қайың, самырсын ағаштарынан  түрлі бұйымдар жасайды.  

  Василий Джан, шебер:
 -Әр ағаш мінездері әр түрлі адам сияқты. Мысалы, шырша икемге оңай көнбейтін қатты материал, бірақ бар жаныңды салсаң, одан керемет сурет шығады. Ал самырсын жібек сияқты өте нәзік. Қайыңды жонып алсаң, баланың терісі сияқты жұмсақтықты сезесің.  

 

Бұдан басқа өлең шығарып, сурет салатын Василийдің     көпшілікті әлі талай рет таңдай қақтыратын туындылар  жасайтынына күмән жоқ.

 Кәусар Аяпбергенқызы