Ауыл шаруашылығы

Облыстық аграрлық кеңес отырысы



 

 

 Жаздың қамын қыста ойлау керек. Биылғы қуаңшылық облыс шаруашылықтарына үлкен сабақ болды. Аграрлық кеңеске қатысқан ғалымдар мен тәжірибе станциясының өкілдері ылғал жинауды жатпай-тұрмай қолға алу қажеттігін айтты. Қар тоқтату жұмыстарына шаруашылықтар үлкен мән бергені дұрыс.

Белгібай Қанафин, “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” ЖШС директоры:
 – Жазғы қуаңшылықтың әсерінен биылғы күзде де жауын- шашын үш есе кем түсті. Топырақтағы ылғалдың мөлшері өте аз. Сондықтан қар тоқтату мәселесі өте маңызды болады.

Облыстың егіс алқаптарына қажетті ылғалдың жылдық мөлшерінің 25-30 пайызының ғана түсуі соңғы 40 жылда биыл бірінші рет тіркеліп тұр. Сондықтан ғалымдар табиғаттың құбылмалы мінезіне тәуелді болмай, бейімделу керектігін айтады. Мәселен, алдағы қыста алқаптардағы қардың қалыңдығын 40 см-ге дейін көтеру қуаңшылықпен күресуге жеткілікті болмақ.

  Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің орынбасары:
 – Ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдеріне қысқы қар тоқтату науқанына тыңғылықты дайындалып, қажетті барлық шараларды атқаруды тапсырамын. Біз аудандарға шығып, бұл жұмыстың әр агроқұрылымда қаншалықты атқарылғанын тексеріп, мониторинг жасаймыз.

Сондай-ақ жиында тұқым таңдау, жалпы егіс науқанын қалай сәтті өткізуге болатыны жайлы айтылды. Ең алдымен өнімнің саны емес, сапасына баса мән берген жөн. Жоғары сортты тұқымды таңдау- осының кепілі. Қазір шаруа қожалықтары егетін тұқымның 29 пайызы ғана отандық екен. Ал қазақстандық  тұқым  шетелдікіне қарағанда қуаңшылыққа төзімді, ылғалды әлдеқайда аз талап етеді. Егіннің жауы зиянкестермен күрес те ақсап қалмауы керек. Дән себетін мерзімнің де дұрыс таңдалуы маңызды екен.

 Ольга Гаас,  “Солтүстік Қазақстан  ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” ЖШС зертхана меңгерушісі:
 – Көктемгі егіс науқанын маусым айына жеткізбеген дұрыс. Мамырдың аяғында егілсе жақсы. Сонда шығымдылық жоғары болады. Тек ашық әр күнді тиімді пайдаланып, дәнді уақтылы жерге сіңіру керек.

Аграрлық кеңеске қатысушыларды ауа райы да толғандырды. Мамандар ылғал мөлшері алдағы уақытта орта деңгейде болады деп отыр. Қалай дегенде де технологияны қатаң сақтамай, қамбаны астыққа толтыру мүмкін болмайтынын әр диқан жақсы біледі.  

 Жеңіс Ермұқанов