ТКШ

Қайыңға қиянат жасаған кім?

 

 

 

 
Белгісіз біреулер Мағжан Жұмабаев және Кәрім Сүтішев көшелерінің қиылысындағы қайың көшеттерін тамырымен жұлып алған. Бұндай тағылық әрекетке ашынған тоғыз қабатты үйдің тұрғындары біздің телеарнаға хабарласты. Бұл жерге ағаштарды бір күн бұрын нақ осы адамдар отырғызған екен.

  Наталья Данилина, К.Сүтішев көшесіндегі 21-ші үй тұрғыны:

– Ағаштарды үш қатарға отырғыздық. Үйдің жанын да көгалдандырдық. Таңертең барып қарасақ, 2 қатары жоқ. Бұл  таң қалдырмай қоймайды. Қоршаған ортаға сән беретін қайыңдардың қаламызда өсіп тұрғаны қандай жақсы болар еді. 

Бірнеше жылдан кейін ақ қайыңдар жайқала өсіп, қаламызға көрік беріп тұрар еді. Бірақ шамасы бұл ағаштар бәз-біреулерге кедергі келтірсе керек.  Жас көшеттерді жұлып тастаған кімдер екені әзірге беймәлім. Ал тұрғындардың бұған қатысты жорамалдары көп. Біреулері қаңғыбастар жұлып алып, бір бөтелке араққа сатып жіберуі мүмкін десе, енді біреулері осы учаскеге құрылыс салғысы келгендерден көріп отыр.  Бұл учаске бірнеше рет сатылыпты. Құрылыс нысанының іргетасы аумақта осыдан бірнеше жыл бұрын қаланған. Бірақ бұл маңда ғимарат тұрғызуға болмайды екен. Оны тоғызқабатты үй тұрғындарының қолындағы құжаттар растайды. Ал өткен жылы қалалық жер қатынастары бөлімінде аталған жер телімі  тіпті мақсатына сай пайдаланылмаған есебінде тіркеуге қойылған. Бұл учаскенің тағдыры  қалай шешілетінін бөлім бастығынан білмек болдық.

  Тілеубай Есжанов,  қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы:
– (телефон арқылы) Біз өз мақсатында пайдаланылмаған учаске ретінде сотқа береміз. Қазір құжаттар жинастырып жатырмыз. Бұл ұзаққа созылатын жұмыс. 

Бұл мәселенің қалай шешілетінін уақыт көрсетеді. Ал әзірге жұлынып қалған 22 көшетті тұрғындар үй ауласына отырғызыпты.
 

Айымгүл Әбілева