Билік

ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті – әлем үшін маңызды оқиға

 

 

 

 

 2010 жыл біздің еліміз үшін ішкі және сыртқы маңызды оқиғалармен ерекшеленді. Солардың ең айшықтысы, әрине, Қазақ елінің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі.  Жас мемлекетіміз ОБСЕ-нің төрағасы ретінде көптеген маңызды шараларды ұйымдастырды. Енді Қазақстан ОБСЕ-ге мүше елдер басшыларының Саммитін өткізу арқылы өзінің осы ұйым төрағасы ретіндегі жұмысын аяқтамақ. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті желтоқсанның 1-2 Астана қаласында өтеді.

 Зәуре Қартова,  М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Қазақстан тарихы және философия кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты:
-ҚР бұрынғы посткеңестік елдер ішінде бірінші болып ОБСЕ ұымына төрағалықты алды. Ол біздің республикамыздағы   ұлтаралық қарым-қатынас, халықтар арасындағы бейбітшіліктің, конфессияаралық келісімнің дәлелі екені анық. Бұл саяси шара ҚР -ның әлемдік саяси беделінің бар екенінің айқын дәлелі. Бұл саммитке ОБСЕ-ге мүше 56 мемлекет, 12 партнер мемлекет, 68 халықаралық ұйым қатысады.

ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Ұйымға мүше елдер басшыларының Саммитін лайықты деңгейде өткізу Қазақстан үшін басым міндет. Бұның алдындағы Саммит осыдан 10 жыл бұрын өткені белгілі. Ұзақ үзілістен кейін Қазақстан кезекті бас қосуды өз жерінде ұйымдастыру туралы батыл шешім қабылдады.

  Зәуре Қартова,  М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Қазақстан тарихы және философия кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты:
– Соңғы Саммит 1999 жылы Стамбул қаласында өткен болатын. 10 жылдан астам уақытта бүкіләлемдік геосаяси жағдай өзгерді. Осыған байланысты бүгінгі таңда бүкіләлемдік қауіпсіздік мәселелері өте өзекті болып отыр. Саммитте қаралатын негізгі мәселе – Еуропа-Атлантикалық және Еуропа-Азиялық қауіпсіздік. Біздің елдегі ұлтаралық қарым-қатынас, мемлекеттегі тыныштық, бейбітшілік мәселелері – барлығы Саммит кезінде айқын көрінеді.

ОБСЕ Саммиті әлем елдері үшін маңызды саяси шара. Бұл кездесуде бүгінде күн тәртібінде тұрған қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыға түспек. Ал бұл саяси жиынның Қазақ елінде өткізілуі жас мемлекетіміздің халықаралық қауымдастықтағы беделін арттыра түсетіні даусыз.

 Айымгүл Әбілева