Билік

Азық-түлік 2009 жылмен салыстырғанда 106,9 пайыз қымбаттаған

 

 

 

 

Қазан айында азық-түлік бағасы 2009 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 106,9 пайызға қымбаттаған. Негізгі өнімдердің құнын бақылаған қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары әсіресе нан мен сүт өнімдерінің бағасы біршама өскенін айтады. Мысалы, нан өнімдері 6,1 пайызға, сүттің  9,7 пайызға қымбаттағаны тіркелген. Жеміс пен көкөністің маусымдық өсіміне қоса, жарма мен өсімдік майының бағасы көтеріліп кетті. Алайда  монополияға қарсы агенттік тұрақсыз жағдайды пайдаланған 6 кәсіпорынның азық-түлік құнын негізсіз көтергенін анықтаған.

Зәуре Нұрмұқанова, Монополияға қарсы агенттіктің  СҚО бәсекелестікті қорғау инспекциясының бөлім бастығы:
-Жарма және өсімдік майын өткізуші 2 көтерме және 4 бөлшек сауда орны бағаны негізсіз өсіріп жіберген. Қазір анықталған фактілер бойынша заңсыз пайда анықталып, әкімшілік өндіріс қозғалды. Сондай-ақ, Петропавл нан-тоқаш комбинатына жүргізілген тексеріс нан бағасын 1 теңгеге төмендетуге мүмкіндік берді.

Осылайша  бұған дейін өнімді 42 теңгеден өткізіп келген комбинат енді нанның бөлкесін 41 теңгеден саудаламақ. Испекциядағылар бағаны  негізсіз өсіруге жол берген кәсіпорыннан монополиялық табыс қайтарылып, тиісті жазалау шаралары қолға алынатынын жеткізді.

 Зәуре Нұрмұқанова,   Монополияға қарсы агенттіктің  СҚО бәсекелестікті қорғау инспекциясының бөлім бастығы:
– Алдағы уақытта әр өнімнің көтерме және бөлшек саудадағы бағасының айырмашылығын жіті бақылап отыру керек. Осы кезде нақты кінәлілерді анықтауға мүмкіндік бар. Жазаға тартылып отырған кәсіпорындар өзгеге сабақ болады.

 

Қазіргі таңда өзге азық – картоп, ет, көкөністің бағасын тұрақтандыру «Қызылжар – Ақбастау» коммуналдық базары арқылы жүзеге асырылып келеді.  Алайда жиында белгілі болғанындай, бүгінде аталмыш сауда орнының да жағдайы мәз емес. Базар ауыл шаруашылығы тауарын жеткізушілердің кейбірімен өткен жылғы өнім үшін есеп айырыспаған. Алдағы уақытта «Қызылжар –Ақбастауды»  “Тобыл” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қарамағына тапсыру мәселесі шешілмек.

 Гүлмира Шоқтыбаева