Балалар

Жас қолөнершілер шеберліктерін шыңдады

 

 

 

 

Алматы қаласында өткен пленэрде  оқушылар қолөнердің түрлі тәсілдері мен техникаларын меңгеріп, шеберліктерін шыңдап қайтты. Бес күн бойы көршілес елдердің және өзіміздің белгілі шеберлерден жас дарындар көпті үйренген. Мәселен,  әсем әшекейлерді қолда бар қарапайым сымнан жасауға да болады. Бұны оқушылар қазақстандық зергер өткізген шеберлік класында меңгеріпті. Ал қырғыз елінің шебері киізден бұйым дайындаудың қыр-сырымен бөліскен. Кесте тігудің әдіс-тәсілдері де жетерлік.

  Инна Рипачева, көркемөнер лицейі директорының орынбасары:
– Қолданбалы қолөнердің барлық бағыттары бойынша шеберлік кластары өтті. Өз ісінің шеберлері керамикаға өрнек салу, графиканың түр-түрі бойынша дәріс оқып, іс жүзінде көрсетті. Әрбір баланың қабілеті әр түрлі. Осы жерде олар өздеріне қайсысы жақын, соны анықтап, шеберлігін шыңдай алды.

Анна Ягодина графикалық пленэрден үлкен әсер алған. Қағазға сурет салу үшін түрлі-түсті қалам пайдаланыпты.

  Анна Ягодина, “Бэст” гимназиясының оқушысы:
-Мен қара және күміс түсті гель қаламын таңдадым. Өйткені  бұл менің сүйікті түстерім. Менің суретімде айлы түн бейнеленген. Ал алдыңғы бетіне саңырауқұлақтарды түсірдім. Олар арнайы өрнектер арқылы бедерленгендіктен көзге бірден түседі. Бұл техниканы әдейі қолдандым.

Анна осымен екінші жыл жас суретшілердің форумына барып келген. Осы жолғы пленэр тақырыбымен ерекшеленді. Онда жоғалып бара жатқан қолөнер түрлері бойынша дәрістер оқылды. Жас дарындардың көпшілігін фотоөнер де аса қызықтырған.

  Наталья Леонтьева, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:
 -Ең алдымен фотоға түсіруден дәріс оқылды. Содан кейін сөзден тәжірибеге көштік. Бізге нақты тапсырмалар берілді. Мәселен, портрет, не болмаса пейзаж бейнелеу. Өте қызықты болды. Көп нәрсе үйрендім.

Бесінші республикалық пленэрге қатысқан көркемөнер лицейінің 15 оқушысы сертификатқа ие болды. Жалпы бұл дәстүрлі шара еліміздің түкпір-түкпірінен 120 жас дарынды жинаған.

Айымгүл Әбілева