Спорт

Солтүстікқазақстандық конькишілер Азиадаға әзірлік үстінде

 

 

 

 

 

 Конкимен жүгіру спортынан облысымыздың аға жаттықтырушысы Александр Суровяткин 100-деген жасөспірімнің әуестігін кәсіби деңгейге жеткізді. Соңғы 8 жылдың ішінде тәжірибелі бапкер 20 спорт шебері мен 8 халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін тәрбиеледі. Бүгінде Ұлттық құраманың 50 пайызын солтүстікқазақстандық спортшылар құрайды.

 Александр Суровяткин, СҚО конькимен жүгіру спортынан аға жатықтырушы:
– Облысымызда дарынды балалар мен тәжірибелі бапкерлер жететін. Тек көкейкесті бір мәселе бар. Ол – мұз айдындарының жоқтығы. Бұл спорттың дамуына үлкен тұсау салып тұр.

Қысы ұзаққа созылатын солтүстік өңір түгіл республикада бір де бір халықаралық талаптарға сай келетін жасанды мұз айдыны жоқ екен. Сондықтан еліміздің атын әлемге асқақтатып, халықаралық ареналарда шоқ жұлдыздай жанып жүрген конкишілеріміз шеберліктерін шет елдерде шыңдауға мәжбүр. Осының кесірінен әрдайым жолда жүрумен қатар тынымсыз дайындалатын кәсіби спортшылар жылдың он айын сыртта өткізеді.

Александр Суровяткин, СҚО конькимен жүгіру спортынан аға жатықтырушы:
-Тіпті конькиден ҚР чемпионаттары мен кубоктары соңғы екі жылда Ресейдің Челябі қаласында өткізіліп жүр. Қазақстан Азиядаға қатысушыларды қабылдайын деп жатқандықтан қазір Елордамыз Астанада сапалы мұз айдынының құрылысы жүріп жатыр. Алайда жалғыз кешен елімізге аздық ететіні анық.

4 жылда бір ұйымдастырылатын Ақ Азия ойындарының басталуына не бары 2 ай қалды. Дүбірлі додада Қазақстан конькишілерге үлкен үміт артып отыр. Бұл сынға қатысу мүмкіндігіне 4 бірдей солтүстікқазақстандық спортшы Дмитрий Бабенко, Роман Креч, Татьяна Сокирко мен Елена Урванцева ие.

Александр Суровяткин, СҚО конькимен жүгіру спортынан аға жатықтырушы:
 -1,5, 5, 10 шақырымдық ұзын спайерлік қашықтықтарда медальсіз қалмаймыз деп ойлаймын. Бұны соңғы азиялық, республикалық чемпионаттарда біздің спортшыларымыз көрсеткен нәтижелерден байқап көруге болады. Топтық, және командалық сындарда да мүмкіндігіміз зор.

Осы аталған қашықтықтарда және қысқа спринтерлік жүгіру жолдарында біздің спортшыларымызға тек Жапония мен Қытай конькишілері үлкен бәсеке тудыра алады дейді Александр Суровяткин.  Қазір Роман Креч пен Дмитрий Бабенко Канадада өтіп жатқан әлем кубогының этаптарында шеберліктерін сынап жатыр. Ал Татьяны Сокирко мен Елена Урванцева дайындық деңгейлерін Германияда өтетін турнирде тексеріп көрмек.

Жеңіс Ермұқанов