Билік

“Бизнестің жол картасы – 2020”

 

 

 

 

“Бизнестің жол картасы -2020” бағдарламасы бойынша 145 өтініш түскен. Бірінші бағыт – жаңа бизнес-жобаларды жүзеге асыру бойынша 74 ұсыныс бар. Ал кәсіпкерлік нысандарды сауықтыру, яғни бұған дейінгі алынған кредиттер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялауға 31 жоба түскен. Экспортқа бағытталған 21 жоба бойынша да құжаттар тапсырылған. CҚО ұсынған 7 жобаны Экономика министрлігі бекітті. «Бизнестің жол картасы» әзірге 350 кәсіпорында жүзеге асырылмақ. Бірақ  бизнес картасы бойынша кәсіпкерлер, жергілікті атқарушы органдар тарапынан жұмыс уақытылы атқарылғанмен, кей банктерде аса қозғалыс байқала қоймайды. Мәселен, Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметовтің айтуы бойынша, бұл өңір шілде айында 24 жоба бойынша құжат тапсырған. Тіпті субсидиялау бойынша қаржыны аударып та қойған. Бірақ қарашаға дейін бір де бір жоба қаржыландырылған жоқ. Премьер-Министрдің талабы бойынша банктер екі аптаның ішінде бұл жұмысты аяқтауға уәде берді. Үйлестіру кеңесінің қарауына “Бизнестің жол картасы -2020” бағдарламасына тағы бір бағыт қосу ұсынылды. Бұл сала бойынша жұмыстарын жаңа бастағалы отырған кәсіпкерлерге көмек көрсету қарастырылған. Сондай-ақ шағын және орта бизнес үшін білікті топ-менеджерлерді даярлау қарастырылмақ. Ал даярлықты алдымен “Назарбаев” университетінде өткізу ұсынылып отыр. Кейін бұл мамандар шетелде тәжірибеден өтетін болады. Яғни бәсекеге қабілетті өнім шығару үшін  бизнесті де халықаралық деңгейде жүргізе білу керек деген қағида ұсталынбақ. Бұдан кейін селекторлық кеңесте әкімшілік кедергілерді азайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. Бүгінде 1 015 рұқсат беру құжаттарының 331-ін қысқарту жоспарланған. Өңірлер әкімшілік кедергілерді азайту үшін қайталанатын құжаттар тізімін үкіметке жөнелткен. 2012 жылы мемлекеттік органдар анықтама, келісімдерді базадан алатын болады.Селекторлық кеңестен кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Самат Ескендіров банктер филиалдарының басшыларына түскен құжаттарды кешіктермей қарау керектігін айтты.

  Самат Ескендіров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:  

– Мен банктер басшыларына түскен құжаттарды қарашаның 15-не дейін қарап беруді сұрар едім. Себебі бағдарлама бойынша жүзеге асырылатын жұмысты жыл соңына дейін аяқтағанымыз дұрыс.

 

 Әсем Сембина