Құқық қорғау органдары

Облыста ұрлық өршіп тұр

 

 

ІІД бастығы Мұрат Ұрұмханов соңғы кезде ұрлықтың өскенін айтты. Баукеспелік фактілері облыс аумағында тіркелген барлық қылмыстардың 58 пайызын құрайды, 4 пайызы тонау және бір пайызы қарақшылық шабуылдар. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында қылмыстың көбін ашып жатады.

Мұрат Ұрұмханов, СҚО ІІД бастығы:

– Қылмыскерлер көбіне таңдап алған объектілерін бақылап, күзеті дұрыс ұйымдастырылмаған орындарға көз салады. Әрине, құқық қорғау органдарының басты міндеті қылмыстарды ашу, біз бұл бағытта жұмыс жүргіземіз, бірақ меншік иелері де өз мүліктерінің қауіпсіздігі жайлы ойлауға міндетті, себебі материалдық шығын мүлік иесіне жасалады.

Соңғы бір айдың ішінде ғана жұртшылықты дүр сілкіндірген бірнеше қылмыстар жасалды. Келтірілген шығын да аз емес. Жүргізілген талдау нәтижелеріне қарағанда, қылмыскерлер көбіне қарапайым техникалық қорғау құралдары, бейне бақылауы жоқ, күзетілмейтін, дабыл орнатылмаған объектілерді таңдайды. Бұған дәлел ретінде полицейлер жиналғандарға облыс орталығында жасалған соңғы ұрлықтар мен қарақшылық шабуылдар жайлы бейнефильм көрсетіп, криминалдық статистикамен таныстырды.

  Әмір Қасеиінов, СҚО ІІД КПБ бастығы:

-Жыл басынан әр түрлі ұйымдар мен мекемелерден 18 сейф ұрланған болатын, жәбірленушілерге 380 мыңнан 4 млн теңгеге дейін шығын келтірілді.

Келеңсіз жағдайларға ұрынбас үшін полицейлер кәсіпкерлерді күзет ұйымдарының қызметін кеңірек пайдалануға шақырды. Бүгінгі күні Петропавл қаласында 69 күзет қызметі жұмыс істейді. Олардың  5-і дабылды пайдаланады. Сыбыс шыға қалса, санаулы уақыт ішінде оқиға орнына жетеді. Отырыста тәртіп сақшылары  пәтер ұрлығы  мәселесін де талқылады. «Азаматтардың өз мүлкінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайтындығы алаңдатады», – дейді тәртіп сақшылары. Ұрлықтың 80 пайызы қылмыскерлердің пәтерге еш кедергісіз кіруі арқылы жасалған болса, тек 14 пайызы ғана құлыпты сындыру немесе кілт таңдау арқылы жасалған. Сол себепті полицейлер құлыптарды күшейтіп, подъезд есіктеріне коды бар құлып орнатуды сұрайды. Сонымен қатар қарапайым қауіпсіздік шараларын қолданған жөн.

 Айдана Демесінова