Білім

Қазақ тіліндегі сынақ алаңы

 

 

 

 

 

 

Оқу орысша жүргізілетін мектептегі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді көздейтін  педагогикалық  сынақ алаңының ашылғанына биыл екі жыл. Бүгінгі таңда оңтайлы ғылыми-әдістемелік жоба бойынша 85 оқушы білім алуда. №23 мектептің педагогтары орыс тілінде оқитын жасөспірімдерді мемлекеттік тілде сөйлеуге үйрету үшін арнайы ғылыми-теориялық бағдарлама құрып, сол арқылы жұмыс істеуде. Жобаға тек мектепке дейінгі және 5 сынып оқушылары тартылған.

  Нүрикамал Мағжанова,  №23 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы:
 – Біз мемлекеттік тілді оқытуда түрлі тәсілдер қолданамыз. Олардың тілдерін жаттықтыру үшін әр түрлі сұрақ-жауап үлгілері, мәтінді мәнерлеп оқу, сыни тұрғыдан ойлауға байланысты тапсырма береміз. Жастардың тілді үйренуге деген құлшынысы, жігері бар.

Биыл 3 сыныпқа 17 оқушы тәлім алуға келген. Бастапқыда мемлекеттік тілді меңгеру қиынға соққанымен, кейін балалар жақсы алып кеткен.  Балалардың мүмкіншіліктерін ескере отырып, педагогтар әр тоқсан сайын бір жылдық оқу жоспарын орындауға тырысқан. Әзірге олар екінші сынып бағдарламасын оқып жатыр. Нәтиже жаман емес. Әліппені орысша таныған балдырғандар қазақ тілінде еш мүдірместен, еркін сөйлейтін дәрежеге көтеріліп үлгерген. Балалардың оқуға деген қызығушылығын арттыруда сынақ алаңында сыныптан тыс шаралар жиі өткізіледі. Мәселен, өткен жылы домбыра мен ұлттық әндер вокалдық үйірмесі ашылып, жастар қазақ мәдениетіне біршама жақындады. Мұндай оқу әдістемесі ата-аналардың көңілінен шығып отыр.

  Анастасия Борисова:
– Қазақ тілін білу керек. Өйткені ол біздің болашағымыз. Сынақ алаңының арқасында мемлекеттік тілді тереңірек оқуға мүмкіндік алдық.

Ал балалар Қазақстанның әр азаматы мемлекеттік тілді білуі керек дейді.
 

 Анастасия Белоусова, оқушы:
 – Мен ҚР азаматымын. Сондықтан қазақ тілінде оқимын, жазамын.

  Дмитрий Коклемин, оқушы:
 – Елбасымыз өз Жолдауында Қазақстанның болашағы қазақ тілінде деген. Сондықтан біздің мақсатымыз қазақ тілін өркендету.

Сонымен қатар сабақ алдында таза ауада серуендеу, ұлттық ойындар ойнап, ертегілер оқу күнделікті ұйымдастырылады.

 

Гүлден Сәрсенбаева