Әр түрлі

Жалған ақшаны қалай тануға болады ?

 

 
 

 

 

 

Техника мен ғылым дамыған сайын жалған ақша жасаушылардың мүмкіндіктері де кеңейе түсуде. Жасанды ақшаның айналымда көбейіп жатқандығы осыған дәлел. Алданып қалмаудың жалғыз ғана амалы бар. Ол –  теңгенің барлық белгілерін жатқа білу.

 Ескендір Сүлейменов, ҚР «Ұлттық банкі» АҚ СҚОФ қолма-қол ақшамен жұмыс жүргізу бөлімінің маманы:
 – Қазіргі кезде жасанды ақшалар нағызына өте ұқсайды. Бірақ жақсылап қараса, оларды ажыратуға болады. Кейде суреттері басқаша болады. Ультрафиолет сәулесімен қарағанда да бірден көруге болады.

Бұл жолғы отырысқа қызмет бабында қолма-қол ақшамен жұмыс істейтін мамандар жиналды. Олар үшін құнды қағаз бетіндегі әр белгіні білу шарт. Банкнотадағы бедерлі жазу мен суреттер, тіпті қағазды бүктегендегі дыбысынан-ақ оның жалған, не нағыз ақша екендігін айыруға болады.  Бастысы оны анықтап қарап, мұқият ұстап шығып, ести білу қажет. Жыл басынан бері облысымызда  150 мың теңгені құрайтын 27 жасанды банкнота табылған. Олардың ішінде жиі ұшырасатыны 200, 500 және 5 мыңдық ақшалар. Өкінішке қарай бұл көрсеткіш барған сайын өсіп келеді. Себебі   алаяқтар шебер жасалған қағаздарын түнгі уақытта шағын дүкен, дәмханаларда пайдаларына жарататын көрінеді. Соңғы кезде ақшаны жартылай жалған етіп жасау тәсілі де пайда болыпты. Мұның бәрін назарға алған қызметкерлер енді жан-жақты қарулана алдық деген сенімде.

  Виктор Желада, менеджер:
 – Көп ақша жүретін жерде жалған қағаздардың араласып кету мүмкіндігі де жоғары. Енді Ұлттық банк мамандары ұсынған көру, сезу, есту арқылы тексеру тәсілі меніңше тиімді.

 Кәусар Аяпбергенқызы