Құқық қорғау органдары

Сашаның анасы табылды

 

 

 

 

 

Кішкентай Сашаның әке-шешесі мен тұратын мекенжайы сол күні-ақ  анықталған болатын. Ал анасы баласының көшеде қаңғып қалғанын теледидардағы жаңалықтардан көріп, өзіне телефон соққан құрбыларынан естіпті. Бұған дейін тату, қалыпты саналып келген отбасы жаздан бері Көкшетау көшесіндегі  13-ші  үйді жалдап тұрады екен. Бірақ үйге олар кешке ғана келетін көрінеді. Көршілері  өгей әкенің балаға суық қабақ танытқанын ешқашан көрген жоқпыз дейді.

  Вадим Петриков, көрші:
 – Көршіміз өзін жақсы әке ретінде көрсетті. Ешқашан теріс қылықтарын көрген жоқпыз. Ұрысысқандарын да байқамадық.

Мас ер адам түн ортасында баланың далада қалу себебін  “ол жоғалып кетті” деп бір ауыз сөзбен ғана түсіндірген.

  Асылбек Рамазанов, Петропавл қ. ІІБ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімнің учаскелік инспекторы:

-Ер адам баланы өз анасының үйінен алып кетіп, жолда танысының үйіне кірген. Онда ішімдік ішкен соң аулаға шығып, кейін қайта кірген. Сол кезде бала кетіп қалыпты. Бірақ оның жоғалғаны жайында анасына ешнәрсе айтпапты.

Баланың үйден өзі кеткенін, не қасақана қаңғыртылғанын тергеу жұмыстары анықтайтын болады. Ал әзірге Саша облыстық ауруханада емделіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, бала жұқпалы ауруға шалдыққан. Жазылған соң анасы оны алып кетуге уәде беріпті. Қазірде бұл іс бойынша тергеу жұмыстары жалғасуда. Егер ата-анасының кінәсі анықталса, Әкімшілік құқық бұзу туралы Кодекстің 101-ші бабына сәйкес бала тәрбиелеуден жалтарғаны үшін оларға 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

 

Кәусар Аяпбергенқызы