Бизнес және экономика

Кәсіпкерлер энергетиктерге неге өкпелі?

 

 

 

 

“Атамекен одағының ” облыстық филиалы кезекті рет кәсіпкерлерді жинап, жұмыс жүргізу кезінде кездесетін кедергілерді талдауға шақырды. Кеден Одағы құрылғалы кәсіпкерлердің жұмысына біраз өзгерістер енген. Жаңа одақтың жетістіктерімен бірге одағай тұстары да мол.

  Еркебұлан Мәмбетов, “Атамекен Одағы” СҚОФ басқарма төрағасы:

-Бұйрықтар шықпай, кәсіпкерлер қиыншылықтармен кездесті. Тариф, инструкциялар жеткіліксіз.

Бірақ бұл келеңсіздіктер де уақыт өткен сайын жойылып, заңның шалыс тұстары жетілдіріліп жатыр. Дөңгелек үстелдегі көтерілген екінші мәселе – кәсіпкерлік нысандарын электр энергиясы және жылумен қамтамасыз ету болды. Жаңа салынған нысандарды қуат көзіне қосудың машақаты бастан асады. Тиісті екі аптада тындырылатын іс екі жылға дейін созылып кетеді. Шарасыз жұмысын қаңтарған кәсіпорын басшылары жағдайды айтып шырылдады.

  Алексей Пошивкин, жеке кәсіпкер:

-Екі жылдың ішінде бізге неліктен рұқсат берілмегендігі туралы жауапқа қол жеткізе алмадық. Менің көптеген таныс кәсіпкерлерім де электр энергиясына қатысты мәселерге тіреліп, бизнестерін бастай алмай отыр.

  Галина Гусельникова, жеке кәсіпкер:

-Жұмыс істемегенімізге бір жыл болды. Біздің шығынымызды кім өтейді.

  Әміржан Шәкеев, Құрғақ көбік-бетон қоспалар зауытының атқарушы директоры:

– Бұл жерде барлық ақпарат арнайы сайтқа салынып тұрса. Кәсіпкер сайтты ашады, белгілі ауданда қосымша қуат көзіне қосылу мүмкін емес екен, ол жерге нысан салмайтын болады.

Кәсіпкерлер қосымша қуат көзіне қосылуды “энергетикалық блокадаға” теңейді. Монополист- компаниядан қуат көздері бойынша нақтылы ақпарат талап еткен кәсіпкерлерді индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мемлекеттік энергия бақылау комитеті де қолдап отыр. Яғни, ашықтық болған кезде, кәсіпкерлердің жұмысы алға басады.

  Аманжол Алпысбаев, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мемлекеттік энергия бақылау комитеті төрағасының орынбасары :

-Біз сайтқа қосалқы станциялар жайында , қандай қуаты бар, сондай мәліметтер шығарамыз.

“СК РЭК” акционерлік қоғамы бұндай ресми сайтқа ақпарат әзірлеуге кіріскен.
 

Вячеслав Утябаев,  “СК РЭК” АҚ президентінің орынбасары:  – Бұл жердегі мәселелердің негізін байқадық. Қажетті ақпаратты әзірлеп жатырмыз.

Осылайша кәсіпкерлер мен монополист- компания бір шешімге келгендей болды. Ал индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің өкілі Аманжол Алпысбаев өңірлердегі бұл мәселе заңнамаға өзгерту енгізу кезінде ескерілетінін айтты.

 

Әсем Сембина