Әр түрлі

Қамқоршылар күні атап өтілді

 

 

 

Залға біреудің қайғысына ортақтасып, бөтен баланы өзінікіндей көріп бағып, қағып өсіріп жатқан мейірімді жандар жиналып отыр. Қазір өңірімізде 2 416 жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған бала бар. Оның 700-ден астамы мемлекеттік мекемелерде тәрбие алып жатыр. Ерте жастан тағдыр тәлкегіне түскен 1 605 жасөспірім қамқор жандардың қанатының астына алыныпты.

 Қорлан Жайсенбаева, СҚО балалар  құқығын қорғау департаменті бөлімінің бастығы:
 – 2011 жылдың басынан жетім балалардың қамқоршылары мемлекет тарапынан 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақы алатын болады. Бізде қамқоршылар клубы жұмыс істейді. Онда тәрбиеге алған балаларға қатысты мәселелерімен келіп кеңес, көмек алуға құқылы. Өтініштерімен жүгінгендердің қолын қақпай, мүмкіндігімізше жәрдемдесеміз.

Қазанның 29-ы елімізде қамқоршылар күні деп бекітілген. Алғашқы мерекелерінде болашақ ұрпақ тәрбиелеуде сүбелі үлестерін қосып жүргендер үлкен құрметке бөленді. Олар өнер ұжымдары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады. Еңбектері бағаланған қадірменді қонақтар құрмет граммоталарымен марапатталды. Үміт Сағындықованың қызы өмірден ерте озып, артында екі жасар   сәбиі қалған. Бүгінде Үміт апай немересіне ақ жаулықты әжей де, мейірімді ана да. Корольковтар әулеті ең көп балалы отбасы. Жетім көрсең жебей жүр деген қағиданы ұстанатын ерлі-зайыптылар  әкенің қамқорын, ананың аялы алақанын көрмеген балаларды бауырларына басып жүр. 20 жылдың ішінде олар 30-дан астам тұл жетімді аяқтандырды.

 Тамара Королькова:

-Қазір қолымызда 8 бала бар. Олар өмірден өз жолдарын тапса, біз үшін бұл бақыт, еңбегіміздің жемісі. Әрине қолымызда өскесін ана-әке ретінде қобалжимыз. Барлығы да үмітімізді ақтауға тырысады.

Зейнет жасына шыққан Тамара Ивановна   балаларымнан өмірлік қуат алып, өзімді әлдеқайда сергек, жас сезінемін дейді.

 

Жеңіс Ермұқанов