Білім

“Назарбаев университетімен» таныстыру

 

Грант иегерлері қазіргі заманға сай салынған жатақханаларда тегін тұрады. «Назарбаев университеті» туралы бұл мәліметтерді оқушылар мұқият тыңдады. Олардың арасында халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орнында білім алуды мақсат етіп қойғандар баршылық.   

 «Назарбаев университеті» – халықаралық деңгейдегі жаңа оқу орны. Білім шаңырағы әлемнің үздік 30  университет­імен  ынтымақтастық туралы ке­лісімдер жасаған. Студенттерге әлемнің ең мықты профессорлары дәріс оқиды. Назарбаев университетінде қыркүйек айынан бастап 484 студент білім алып жатыр. Айта кету керек, олардың қатарында солтүстікқазақстандықтар да бар. Биыл тоғыз жерлесіміз халықаралық деңгейдегі университетте білім алу мүмкіндігіне ие болған. Студенттер жаңа университетте төрт жыл оқиды. Бірінші жылы ағылшын тілін және академиялық дағдыларын жетілдіруге бағытталған бағдарлама бойынша білім алады. Кейін таңдап алған мамандыққа сәйкес пәндер бойынша негізгі оқу басталады. «Назарбаев университетінің» өкілі Гүлден Қоржымбаева кездесуде оқушыларды жаңа университетке түсу шарттары және талаптарымен таныстырды. Оқуға түсу емтихандары екі кезеңнен тұрады. Университетте сабақтар ағылшын тілінде жүргізілетіндіктен, бірінші кезекте талапкерлердің тіл білімі тексеріледі.  Айта кетерлік жайт, ҰБТ оқуға түсудің міндетті талабы болып табылмайды. Сондай-ақ «Назарбаев университетінде» білім алуға мемлекеттік гранттар бөлінеді. Биыл бұл университетке 500 білім беру гранты бөлінген.

 

 «Назарбаев университеті» Елбасының бастамасы бойынша еліміздің болашақ зияткерлік элитасын қалыптастыру мақсатында құрылып отыр. Отандық білім беру жүйесінің ерекшеліктері мен әлемдік озық тәжірибені ұштастырған оқу орны келешекте қазақ елінің ұлттық бренді болмақ.

 Айымгүл Әбілева