Жол картасы

Перинаталдық орталық жөнделіп жатыр

 

 

 

 Жиырма жылдан аса жөндеу көрмеген перинаталдық орталық биыл  “Жол картасына” іліккен облыстағы негізгі ғимараттардың бірі. Нысанға қаржы да өзгелерден молырақ құйылды. Жоспардағы 400 миллион теңгенің 300-і аударылған. Күрделі жөндеудің арқасында қыста салқын ғимарат биыл жылитын түрі бар.

Әнуарбек Әбділманов , облыстық перинаталдық орталық  бас дәрігерінің әкімшілік-шаруашылық  жұмыстар бойынша орынбасары:

-Қыста ғимарат суып кететін. Қосымша элетрожылытқыштар қойып жүрдік. Оның барлығы қосымша шығынды қажет етеді.

Бүгінде үшінші, төртінші қабаттардағы жұмыстың негізгісі аяқталған. Желдету жүйесі толық ауыстырылыпты. 200- ден аса пластикалық терезе қойылды. Сырлау-қырлау атқарылып, сантехника алмастырылды. Ал бөлімшелердің қабырлағаларының түстерін медициналық қызметкерлердің өздері таңдапты. Тіпті қабырғалар да жылжытылған. Жөндеудің шындығында “күрделі” екендігін байқау қиын емес. Жұмысты бұған дейін облыстағы бірнеше үлкен денсаулық сақтау нысандарын қалпына келтірген “Ассени” компаниясы атқарып жатыр.

  Александр Корявченко, “Ассени” ЖШС учаске бастығы:

 -Желдету жүйесін алмастыру қиынға түсті. Қабырғалардың арасындағы желдеткіштерді алып, жаңасын орнаттық. Бір -екі аптада екінші қабатты да аяқтаймыз.

Бүгінде корпуста 70- тей адам жұмыс істеп жатыр. Ал жаз бойы 400- ден аса жұмысшы тартылыпты. Желтоқсанның басында негізгі корпустағы жұмыс аяқталады. Бұл күнді 3-ші  қалалық және теміржол ауруханалары ортасында жүрген медициналық қызметкерлер де, жүкті әйелдер де асыға күтуде.
 

Әсем Сембина