Мәдениет

Металл бұйымдар көрмесі

 

 

 

 

 Металдан құйылған көне заттармен таныс болғысы келгендер облыстық  тарихи-өлкетану мұражайының есігін ашса қателеспейді. Қола жебелер мен найза ұштары, темір сауыт, күміс әшекейлер – бұның бәрі мұражай бірлестігі ұзақ жылдар жинаған жәдігерлер. Көрменің негізгі мақсаты – металдың пайда болуын және өңдеу тарихын көрсету, адам, қоғам өміріндегі рөліне назар аудару. Мұндағы өте құнды жәдігерлердің көбін басқа мұражайлардан кездестіре алмайсыздар. Бабаларымыз бір кездері тұрмысында пайдаға жаратқан еңбек құралдары, қару-жарақ, зергерлік бұйымдар, самауыр, үтікке дейін қойылған. Ал ортада тұрған қола қазан біздің дәуірімізге дейін Ботай қонысынан табылған. Мың жылдық тарихы болғанымен осы күнде де пайдалануға әбден болады. Сан  ғасырлық тарихы бар қоңыраулардың да түр-түрі  көрмеден өз орындарын тапқан. «Бұл қоңыраулардың ерекшеліктері сыртқы пішіндерінде ғана емес, сонымен қатар үндерінде. Тыңдап көретін болсақ, әр қоңыраудың өз дыбыс ерекшелігін байқауға болады, бір кездері бұл қоңыраулар ат әбзелдеріне,  нақтырақ айтсақ доғаларға тағылған болатын», – дейді мұражай қызметкерлері.  Металл бұйымдарға  қазіргі уақытта да сұраныс кеміген жоқ.

Жеңіс Ермұқанов