ТКШ

Ғалымдардың өнертабысы сынақтан өтуде

 

 

 

 

Бұл құрылғы судың айналуын реттейді. Профессор, техника ғылымдарының кандидаты Болат Аспандияров ойлап тапқан насос жылу энергиясын үнемдеудің тиімді құралы деп есептейді оның солтүстікқазақстандық әріптесі Наталья Белецкая.

  Наталья Белецкая, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры
 – Насостың ішінде екі шеңберлік сопло орнатылған. Олар судың ағынын күшейту үшін қажет. Есесіне қысым екі есеге артады. Бұның арқасында жылу біркелкі тең таралады. Ал қазіргі жүйе бұндай мүмкіндік бермейді. Сондықтан да тұрғын үйлердің әр қабатында жылу әркелкі. Тіпті жоғарғы қабаттарға жетпей де қалады.

Қолданыстағы насостан тағы  бір айырмашылығы жылу екі краннан жіберіледі. Солтүстіктің  суығында екі кран кез келген ғимаратта температураны  біркелкі сақтайды. Ал көктем, күз айларында оның біреуі жеткілікті болады екен.
Жылыту маусымында кәсіпорындар 250 тоннаға жуық отынды артық жұмсайды екен. Желі толығымен бұл құрылғыға қосылса,  жылыту маусымында 500 млн. теңге үнемдеуге болады екен. 4-ші қалалық емхана жаңа құрылғының мүмкіндігін іс жүзінде байқап көрді. Былтыр емдеу мекемесінің бройлеріне насос сынақ  мақсатында орнатылыпты. Тәжірибе нәтижелі, жылу әдеттегіден 40 пайызға аз жұмсалған.

  Виктор Шукан, сантехник :
– Қыс суық болғанымен, емхананың іші қайнап тұрды. Біз жылуды реттеп отырдық, ең суық кіреберісіміз биылғы қыста жылы болды. Ауаның температурасы  -10 градус болса, біз бір желіде жұмыс жасаймыз, өте қолайлы.

Әзірге Виктор Шукан жылуды қолмен реттейді. Егер құрылғы тиімділігін дәлелдесе,   ауа райына сәйкес жылуды реттеу үшін автоматты есептегіш құрылғылары орнатылатын болады. Жаңа насос қолданыстағы жылу желілерін ауыстыруды талап етпейді. Егерде ақау шығып жатса, бұрынғы  жүйені іске қосуға мүмкіндік бар. Сондықтан жаңасы қатар орнатылады. Қазір қаламызда жылу үнемдегіш 5 насос жұмыс істейді. Жыл соңына дейін сынаққа тағы соншасы қосылмақ.  Құрылғы тиімділігін растайтын болса, жергілікті зауыттар оны жасауға әзір.

Жеңіс Ермұқанов