Білім

Ұстаздар салалық бағдарлама туралы ой бөлісуде

 

 

 

 Білім беру саласын дамытудың  2011-2020 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасы 25 стратегиялық бағытты қамтиды. Білім сапасын жақсартуды көздейтін құжат оқу жүйесін жаңа сатыға көтереді. Мұғалімдердің әл-ауқатын көтеру де алдыңғы қатардағы мәселеге айналып отыр.

  Рахат Әзімбаева,  ЛОРД облыстық мектеп-лицейінің оқытушысы:
 -Бағдарлама бойынша біздің жалақымыз көтеріледі деп естіп жатырмыз. Көбіне білікті ұстаздар табысы аз болғандықтан басқа жұмысқа ауысып жатады. Ал айлық ақшамыз өсетін болса, бұрын оқытушылық жолынан кетіп қалған мамандар қайта қайтып келуі де мүмкін.

Бағдарламаға  сәйкес Қазақстанда 2020 жылға дейін электрондық оқыту жүйесі қолға алынбақ. Өкінішке қарай, біздің республикамызда  қашықтан білім алатын оқу орындарының саны 28 пайыз шамасында ғана. Оның тек 16 пайызы ғаламтормен жиі байланыс жасайтындар. Тағы бір ақсап тұрғаны ол – технологиялық дайындық. Бүгінгі таңда Қазақстан коммуникативтік- ақпараттық технологияны қолданудан да көш соңында келеді. Дәлірек айтсақ, 75-ші орында.

  Рахат Әзімбаева,  ЛОРД облыстық мектеп-лицейінің оқытушысы:
-Бұл ең қажетті бағдарлама. Біз оны көп күттік. Енді ұстаздар ұжымдары кеңінен талқылап жатыр.
Бағдарлама біріншіден білім саласын жақсартады. Екіншіден, біздің біліміміздің сапасын әлемдік деңгейге көтереді. Басқа елдермен тәжірибе алмасамыз.

Елімізде білім беруді дамытуға бағытталған ауқымды бағдарлама екі кезеңмен жүзеге асырылмақ. Алғашқысы  2011-2015 жылдарды қамтиды, оның ішінде мектептерді 12 жылдыққа көшіру мәселесі тұр.

Гүлден Сәрсенбаева