Қоғам

Шағын саябақтар жаңартылуда



 

 



 Абай және  314-ші атқыштар дивизиясы көшелерінің қиылысындағы шағын саябақты Аққайың ауданы абаттандырыпты. Қазір демалыс орнын бір ай бұрынғы кейпімен мүлдем салыстыруға болмайды .  Пушкиннің  қола ескерткіші жарқырап шыға келді. Жаңартылған орындықтардың бірінде ғұлама ақынның өшпес туындысының кейіпкерлері Татьяна мен Евгений Онегиннің металл мүсіндері орнатылды. Тас жол мен кеспетастар төселді. Жолды бойлай көшеттер отырғызылған. Қайта жанданған саябақ қалалықтардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналып үлгерді. Облыстың 13 ауданының әрбіріне осындай учаскелер бекітілді. Мәселен,  Жамбыл және Абай көшелерінің қиылысындағы саябақты қалпына келтірген есілдіктер “Каскад” субұрқағын  орнатыпты. Жамбыл ауданының тұрғындары да өздеріне тиесілі аумақты көріктендіруде ерекшелене алды. Жасыл желекке оранған саябақтың дәл ортасында шаңырақ бой көтерді. Ал Тимирязев ауданының шеберлері қобыз атасы -Қорқыттың бейнесін ағаштан ойып жасаған екен. Енді қалған шаруалары  –  тас төсеу. Шалақындықтар абаттандыру жұмыстарына құбырлардан жасалған гүлзарларды қосыпты. Ал Мир және Сәбит Мұқанов көшелерінің аралығы Уәлиханов ауданының әкімдігіне тапсырылған.   Ақжарлықтарға берілген алаңға кеспе тас төселіп, композициялық мүсіндер орнатылған.  Аудан тұрғындары жасанды  құстар мен пальма ағашын сыйға тартқан. Мамлют және  М. Жұмабаев аудандары бірлесіп Жамбыл көшесімен қалаға кірер айналма жолға көрік берген. Түрлі- түсті шамдар әсіресе кешкі уақытта айналасына ерекше сән береді.  Жалпы облыс орталығындағы барлық саябақтарда  негізгі жұмыстар тәмамдалып қалды.

  Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
 -Үлкен акция өтті. Қаламыздағы 12 скверде абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Біз бұл жұмыстарға скульпторлар мен архитекторларымызды беріп жәрдемдестік. Бұның бәрі қаламыз көріктену үшін жасалып жатыр. Тұрғындардың атынан алғыс білдіремін.

Қала әкімі өз кезегінде келесі жылы әр ауданға осындай бірін бірі қайталамайтын абаттандырылған  саябақтар сыйлаймыз деп отыр.

 Жеңіс Ермұқанов