Денсаулық сақтау

Облыстық аурухана ғимараттары «Жол картасы» бойынша жөнделді



 

 

Облыстық аурухананың консультациялық-диагностикалық емханасы іргетасы қаланғаннан бері күрделі жөндеу көрмеген екен. Биыл “Жол картасы” бағдарламасы аясында бұл екі қабатты ғимарат жаңарған кейіпке енді. Барлық кабинеттер, дәліз толығымен жөнделіп, жаңа қондырғы, жиһаздармен жабдықталыпты. Бұл мақсатқа 65 млн. теңге бағытталған. Жөндеуден кейін кабинеттер жарық, жылы, таза – бұл оң өзгерістерді емделушілер де байқап үлгерген. Петр Вербицкий Тайынша ауданынан келіпті. Дәрігер қабылдауында өткен жылы болған қария емхананың қазіргі кейпі мүлдем басқа дейді.

  Петр Вербицкий:
 -Жөндеуден кейін емхана өте өзгеріпті. Бұрын қабырғалар, төбе, есік-терзелер бәрі ескі болатын. Қазір емхананың іші жаңарып қалыпты. Кезек келгенше күтіп отыратын орындықтар да ыңғайлы.

Жалпы үстіміздегі жылы “Жол картасы” бағдарламасы бойынша облыстық аурухананы жөндеуге 136 млн. теңге бөлінген. 71 млн. теңге үш бөлімшені күрделі жөндеуден өткізуге бағытталыпты. Ал өткен жылы аталған мемлекеттік бағдарламаның арқасында гастроэнтерология және ревматология бөлімшелері жаңарып қалған.
 

Айымгүл Әбілева