Әр түрлі

Курсанттар өрт сөндіруге жаттықты



 

 
Әскери институт маңындағы саябақта өрт шыққанын көрген кезекшілер бірден дабыл беріп, өрт сөндірушілермен хабарласты. Оған дейін отты ауыздықтауға білім ошағында штаттық емес құтқарушы команданың өзі кірісті. Тілсіз жаумен күресушілер ең алдымен институт қақпаларын ашты. Мүлік қауіпсіз жерге көшірілген соң, құтқарушы команда су жүретін гидранттарды іске қосты.

  Андрей Кутняк, ҚР ІІМ ІӘ Әскери институтының тыл жұмыстары бастығы орынбасарының міндетін атқарушы:
– Аталған шараны әскери институттың 1 курс курсанттарына өрт қауіпсіздігінің ережелерін көрсету, отты ауыздықтау кезінде техникалық әдіс-тәсілдерді қолдануды үйрету мақсатында өткізіп отырмыз. Жалпы біздің институттың төтенше жағдай туындай қалған сәтте оған қарсы төтеп бере алатындай күші бар. Мәселен, өрт сөндіру машинамыз, 2 гидрантымыз сақадай сай.

І және ІІ өрт сөндіру бөлімшелері де көп күттірмей келіп қалды.  Жедел операция барысында құтқарушылар артиллериялық қару-жарақ қоймасына жақындап қалған өртті   сөндіріп үлгерді.

  Ғазиз Ахмаров, курсант:
-Бүгін мен өрт сөндірушілердің жедел қимыл-әрекеттерін көріп, өзіме көп пайдалы мағлұмат алдым. Меніңше мұндай шаралардың пайдасы мол.

Өрт-техникалық оқулары – жыл сайынғы дәстүрлі шара. Институт болашақ офицерлердің әскери даярлықтарын  жоғарылату үшін техникалық әдіс-тәсілдерді тәжірибемен ұштастырып отырады.

Гүлден Сәрсенбаева