Әр түрлі

Заңнамадағы өзгерістер

 

 

 Заңнамадағы жаңа түзетулер сауда қызметін реттеу саласына өзгерістер енгізеді. Нақтылап айтар болсақ,  бұдан былай  сауда үйлерінде, базарларда жалға алаң беретін барлық жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар жалдау туралы келісімшарт жасауға міндетті.

 
  Сәуле Мүсілімова, СҚО бойынша салық департаментінің басқарма бастығы:
– Бұған дейін келісім жасап жатыр ма, жасамай жатыр ма – оны міндеттейтін талап қойылмайтын.  Қазір сауда қызметі туралы заңда жазбаша келісімшарт болуы керек деп анық жазылған.  

Келісімшартта жалға алушы туралы барлық  мәліметтер, оның ішінде жеке басты куәландыратын құжаттың сериялық нөмірі де бар, сауда орнының неге керектігі және оның нысандағы орналасқан жері, жалға алу ақысы көрсетілуі керек.  Бұл өзгерістің сауда орнын 3 күнге ғана жалға алатындарға қатысы жоқ. Одан көп мерзімге жалға алатындар міндетті түрде жазбаша шартқа отырулары керек.  Ал Салық кодексіне енгізілген  өзгеріс бойынша сауда жасауға орынды жалға беретін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар жалға беру тізбесін жасайды.  
 
  Сәуле Мүсілімова, СҚО бойынша салық департаментінің басқарма бастығы:
 – Бұрын салық комитеті жалға берілетін сауда орындары туралы мәлімет  жинамайтын. Салық әкімшілігін жақсарту мақсатында екі нормативтік-құқықтық актіге осындай нормалар енгізілді. Енді сауда алаңдарына бақылау жүргізілетін болады.

Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар мұндай салық есептерін әр тоқсан сайын екінші айдың 15-не дейін  тапсырулары қажет.  Жаңа өзгерістер 2012 жылғы қаңтардың бірінен бастап енгізілмекші. Алайда Мәжілісте бұл мерзімді бір жылға кемітіп, 2011 жылдың басынан бастау туралы мәселе қаралуда. Сондықтан салық департаментінің мамандары жаңа норма бойынша салық есептерін қазірден бастап жүргізе беруді ұсынып отыр.