Әр түрлі

Коммунистер есеп берді

 

 

 

 

 

Есептік кездесуге саяси ұйымның белсенді деген 40-қа жуық мүшесі жиналды. Ағымдағы жылы партия өкілдері қоғам үшін маңызды бірқатар жұмыстың басын қайырыпты. Біздің өңірімізде атқарылған жұмыс нәтижесімен облыстық комитеттің  басшысы Дәукен Темірбаев таныстырды.

Дәукен Темірбаев, облыстық комитеттің бірінші хатшысы
-Осы жылы біз жер, ауыз су, зейнетақы және ауыл мәселесіне қатысты бірқатар істерді тындырдық. Енді облыстық комитет құрамына жаңадан сайланатын мүшелер одан да ауқымды жұмыстар атқарады деген ойдамын.

Бүгінгі таңда Қазақстан Коммунистік Халық партиясының республика бойынша 74 500 қолдаушысы бар. Оның 4 796-сы  –  солтүстікқазақстандықтар.

  Жамбыл Ахметбеков,  Қазақстан Коммунистік Халық партиясы орталық комитетінің хатшысы:
 -Бүгін облыстық комитеттің мүшелері сайланады. Бюро мүшелері анықталады. Келесі 2 жылға хатшылар тағайындалады. Мақсатымыз  – халыққа қызмет ету, бұқараға жақын болу.

Есепті жиында облыстық партия комитетінің мүшелері қайта сайланды. Дауыс беру нәтижесінде облыстық комитет бюросы құрамына 25 адам өтті. Сонымен қатар 3 хатшы белгіленді. Бірінші  хатшының орны Дәукен Темірбаевта қалды. Жалпы мұндай есеп беру – сайлау жиындары Республикамыздың барлық 16 аймағында жүргізілуде.

Гүлден Сәрсенбаева