ТКШ

Тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы

 

 

 

Жаңа бағдарлама 2 кезеңмен жүзеге асырылмақ. Біріншісі 2015, екіншісі 2020 жылға дейін. Бағдарлама үлкен өзгерістер әкелмек. Ең алдымен, еліміздегі тұрғын үй қорының қазіргі қалпы өзгереді.

 Сергей Худяков, Петропавл қаласы ПИК қауымдастығының төрағасы:
– Мен сіздерді осы бағдарламаның негізгі бөлімдерімен таныстырғым келеді. Және тәжірибе өткізілетін үш үй жөнінде ақпарат беремін. Ол үйлерге автоматтандырылған жылу пункттері орнатылатын болады.

 Мұндай тәжірибе қалада 2005 жылы өткізілген екен. Ол кезде автоматтандырылған жылу пункттерін орнатуға көп қаржы жұмсалыпты. Ол шығынды елу де елу жүйесі бойынша жартысын тұрғындар, қалғанын мемлекет төлеген екен. Бірақ сол жаңашылдықтан түк пайда шықпаған көрінеді. Жаңа құрылғы бір жылға жетпей сынып қалған. Ал Петропавлда оны жөндейтін ешбір қызмет жоқ.

  Иван Голубь, «Отрада»  ПИК төрағасы:
 – Құрылғыны жөндей алатын ең жақын қызмет көрсету орталықтары Новосибирск және  Қарағандыда ғана бар. Енді оны қалай қалпына келтіреміз.  

Сергей Худяков, Петропавл қаласы  ПИК қауымдастығының төрағасы:
 – Бүкіл Қазақстан көлемінде мұндай жоба 10 шақты қалада ғана бар. Сондықтан да қызмет көрсету орталықтары бүкіл жерде болған. Енді 1-2 жыл ішінде оларды жаппай аша бастайды.

Бірақ бұл түйіні шешілмеген жалғыз мәселе емес. Жылу көп шығындалатын үйлерде автоматтандырылған жылу пункттерін орнату тиімсіз екен. Бүгінде Петропавлда 1000-ға жуық көпқабатты үй болса, олардың жартысына жуығы сондайларға жатады. Бұл ретте ПИК төрағаларының бірқатары ондай есептегіш орнату үшін алдымен үйлердің есік-терезелерін, кіре берістерін жылу далаға кетпейтіндей қымтау керек десе, екінші біреулері есептегіш қойылып, ақыны көбірек төлеу керек екеніне көздері жеткенде ғана тұрғындар үйді тәртіпте ұстау керек екенін түсінеді дейді.  Бұл кездесу әлі тек қоғамдық тыңдау ғана. Оны ұйымдастырушылар бір ортақ шешімге келеміз деген сенімде болған. Бірақ бәрі керісінше шықты. Жиналғандардың көпшілігі қарсы пікір білдірді.  Десе де  аталмыш бағдарлама бойынша сынақ жүргізіледі, оның барысында 3 тұрғын үй, 3 мектеп пен 3 ауруханаға жылу пункті орналастырылмақ. Оған кететін  шығынды мемлекет өтейтін болады.
 

Кәусар Аяпбергенқызы