Қоғам

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес нәтижесі талқыланды

 

 

 

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аяқталуға жақын. Бағдарлама қабылданғалы заңнамалық құжаттар да реттеліп қалды. Кәсіпкерлер мүддесін қорғау мақсатында жұмыс жүргізуге рұқсат беретін қағаздар саны азайтылған.

Андрей Лукин,  ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігі төрағасының орынбасары:

-Құқықтық база жетілдіріліп жатыр. Өткен жылдың желтоқсанында Елбасы сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін біздің Агенттік әзірлеген заңды бекітті. Заңнама бойынша құқық бұзған мемлекеттік қызметшілерге салынатын айыппұл көлемі көбейтілді. Жемқорлық үшін сотталған адамдардың дүние-мүлкі түгел тәркіленеді. Сондай-ақ істі бұрмалауға, қылмыстық кодекстің баптарын ауыстыруға жол берілмейтін болды.

Агенттік төрағасының орынбасары соңғы жылдары темір тордың арғы бетіне басқарма, департамент, комитет басшылары өтіп жатқандығын айтады. Бұл жерде Андрей Лукин қаржы полициясы біреуді қаралау мақсатында емес, азаматтардың арыздары бойынша ақпарат жинау арқылы ғана жұмыс атқарып жатқандығын жеткізді. Қоғамдық зұлымдықты анықтауда қаржы полициясына тұрғындардың көмегі де тиіп жатыр екен.

Андрей Лукин,  ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігі төрағасының орынбасары:

-Құқық қорғау орындарына, қаржы полициясына сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлайтындар көбейді. Осы фактілер бойынша дереу шаралар қолданамыз. Сондай-ақ, қаржы полициясы белгілі адамдарды нақты мақсатпен бақылауға алады дей алмаймын. Бұл жерде біреудің соңына шам ала түсу деген жоқ. Біз азаматтардың, ұйымдардың арыздары бойынша жұмыс істейміз, жедел іздестіру шараларына сүйенеміз.

Сыбайлас жемқорлық мәселесімен бірлесе күрескенде ғана нәтиже шығатыны мәлім. Облыста бұл бағытта құрамына жергілікті атқарушы билік, “Нұр Отан” ХДП филиалдары, құқық қорғау органдары өкілдері кіретін аймақтық, қалалық, аудандық ведомствоаралық комиссиялар құрылған. Комиссия отырысында қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстар талқыланады.

  Самат Ескендіров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары: 

– Жыл басынан бері облыста мемлекеттік органдарға екі жарым мыңнан аса тексерістер жүргізілді. Сыбайлас жемқорлықтың 460 фактісі тіркелді. 170 қылмыстық жазалау тіркелді. Заң бұзушылықтар бойынша жүргізілген талдау  мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылықтарының төмендігін көрсетеді.

Жемқорлармен күресте “Нұр Отан” ХДП партиялық бақылау комитеті де белсенділік танытып жатыр. Соңғы жылдары тұрғындардың осы қоғамдық ұйымдарға деген сенімі артқан.

Нұрлан Баймырзаев, “Нұр Отан” ХДП партиялық бақылау комитетінің инспекторы:

-Жазалау арқылы жемқорлықты жеңу мүмкін емес. Бұл жерде қоғамдық қолдау керек. Еліміздегі барлық деңгейдегі қоғамдық ұйымдардың белсенді жұмысының арқасында белгілі нәтижелерге қол жеткізіп жатырмыз.

Үстіміздегі жылдың тоғыз айында ғана еліміздің құқық қорғаушылары сыбайлас жемқорлыққа және экономикалық қылмысқа қатысты 1 700 қылмыстың бетін ашқан. Олардың 500- ден астамы пара алу-беруге қатысты. Биылдың өзінде жемқорлықтың кесірінен мемлекет пен азаматтарға 3 миллиард теңге шығын келген. 2 миллиарды өтелді.

Әсем Сембина