Білім

Кәсіптік-техникалық білім беру саласының мерейтойы

  

 

 

 

 

Ел экономикасын білікті кадрлармен қамтамасыз етіп келе жатқан кәсіптік және техникалық білім саласы 70 жыл ішінде  талай тарихи белестерден өтіп, бірнеше күрделі кезеңдерді бастан кешті. Бүгінгі таңда облысымызда 32 орта кәсіптік оқу орны жастарға заман талабына сай білім беріп келеді. Қазір өңірімізде 18 000 студент 100-ге жуық мамандықты игеруде.  

Фархад Қуанғанов, облыс әкімінің орынбасары:
-Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында кәсіптік және техникалық білім беру кәсіби стандарттарға негізделіп, экономиканың қажеттілігімен байланыстырылуы керек екендігін атап өтті. Білім беру реформасы табысының басты өлшемі  – тиісті білім алған еліміздің азаматы әлемнің кез- келген елінде қажетке жарай алуы  болу керек. 

Әрдайым жаңашылдыққа ұмтылатын еліміз кәсіптік және техникалық білім жүйесін индустриялық-инновациялық дамудың талаптарына сәйкес модернизациялауды ұстанып отыр. Қазіргі қоғамда сұранысқа ие болатын мамандықтар бойынша кадр дайындау басты мақсаттардың бірі. Осы орайда мұғалімдерге жүктелетін міндет жүгі жеңіл емес. Жиында осы саланың үздік педагогтарына облыс әкімінің Құрмет грамоталары тапсырылды.  Қуаныш Мұстафин Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде арнайы пәндерді оқытады. Жастарға тәлім беріп жүргеніне 26 жылдың жүзі болған аға буын өкілі әлі талай кадрларды даярлауға  әзір екенін айтады.

 Қуаныш Мұстафин,  Солтүстік Қазақстан  кәсіптік- педагогикалық колледжінің оқытушысы:
 – Біздің колледжде 12 мамандық бойынша мамандар даярланады. Бітірген түлектер халық шаруашылығының барлық саласында еңбек етуде. Жылына біз 300-ге жуық түлек шығарамыз.

Салтанатты шарада колледж, лицейлердің әлеуметтік серіктестері оқу орындарының ұжымдарына алғыстарын білдіріп, сыйлықтар табыс етті.  Бүгінде   Петропавл ауыр машина жасау зауыты, «Основание» ЖШС, «Мұнаймаш» АҚ сияқты  кәсіпорындарда қызмет ететін білікті мамандардың көбі жергілікті білім ордаларының түлектері. 

Гүлден Сәрсенбаева