Мәдениет

Көңілді тапқырлар сайысы

 

 

 

 

 Көңілді тапқырлар клубының мүшелері өздеріне тән ерекше мәнермен өмірден алынған оқиғаларды көңілді формада жеткізе алатын қайталанбас жанр иелері. Өңіріміздің өнер сүйер қауымын күлкіге тойдыру үшін жергілікті әзілқойлар жиылды. 12 құрама бір тақырыпта өнер көрсеткенімен әзіл мен қалжыңнан шашу шашып, жан-жақтылықтарымен таныла білді. Ұтымды әзілдер көрермендерді  күлкіге кенелтті.  Сахна төрін еркін билеп, күлкінің көк базарында жүрген көңілді жастар саясат, әлеумет, мәдениет, білім, тұрмыстық жәйттардың қызықты тұстарын бір бағдарламаның ішіне сыйғыза алған. Ұйымдастырушылардың да көздегені осы –  жастарды біріктірер ойында қоғамдағы ащы шындықты ел келешегінің тілімен жеткізіп, жастардың ойын білу.  Өздерінің қуатты, өткір әзілдерімен әскери институттың құрамасы танылды. Болашақ офицерлердің өнері көрермен қауымның жоғары бағасына ие болып, әр нөмірлері ду қол шапалаққа ұласып отырды. Сахна саңлақтары атанған көңілді жігіттер қалжыңдауға күн демей, түн демей әзірміз дейді. Бас жүлде де залды жандыра білген әскери институттың әзілқой курсанттарына берілді. Бірінші орынды “Альянс жастары” әкетті. Тұғырдың екінші сатысына М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студентері көтерілсе, өнер колледжінің құрамасы үшінші орынға тұрақтады. Сондай-ақ көңілді кештің ең үздік капитаны, ойыншысы мен әзілі аталымының иелері анықталды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 Жеңіс Ермұқанов