Биыл еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың алтын арқауына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясына 15 жыл. Бұл бейбітшіліктің, келісім мен жасампаздықтың 15 жылы. Бүгінде еліміздегі бірегей институт өркениетті әлемге өзінің өміршеңдігін дәлелдеп берді. Сессия жұмысын ашқан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарды осы шаңырақтың мерейтойымен құттықтады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Өнегелі, ізгі бастамаларымен жаһандық бейбітшілікке зор ықпал еткен Қазақстанның тағылымды тәжірибелері әлем жұртшылығына үлгі болды. Бағзы мен бүгінді жалғаған қазақ жері адамзаттық ауқымдағы игі істердің ұлағатты ұйытқысына айналды.Мәдениет пен руханияттың алқалы ордасындай асқақ Астанамызда әлемнің дінбасылары үш мәрте бас қосып, бәтуалы байламға келді.Тұрақтылық пен тыныштық салтанат құрған Қазақстанның дәулеті мен сәулеті келісіп, әлеуеті мен қуаты еселеп артты.Ел экономикасы қарыштап өрлеп, дамудың индустриялық-инновациялық бағытына түстік.Әрине, бұл жетістіктер бізге өздігінен, оңай келген жоқ. Еліміздің татулық пен тұрақтылықтың берекелі бекетіне айналуына Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен үлес қосып келеді. Мен осы мерейлі күні биік мінбеден баршаңызға зор алғыс айтамын!
Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы – қысқа уақытта бүкіл әлемге танылған еліміздің визиттік карточкасы. Қазақстанда тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерінің конфессияаралық және мәдени келісімін, достық қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған жүйелі саясатымыз бүгінде халықаралық қауымдастықта ерекше құрметке ие. Мұны сессия жұмысына әлемнің бірнеше ондаған елдерінің өкілдері қатысуы айғақтайды. Олар бір күн бұрын Астанада өткен дүниежүзілік рухани мәдениет форумына қатысты. Қазақстан бүгінде – 130-дан астам этнос өкілдерін бауырына басқан ортақ шаңырақ. Барлық ел азаматтары тең құқыққа ие. Бізде ұлттардың құқығын шектейтін бір де бір заң жоқ деді Елбасы. 15 жылда Қазақстан халқы Ассамблеясының инфрақұрылымы да кеңейтілді. Егер 1995 жылы елімізде 40 ұлттық-мәдени орталық жұмыс істесе, қазіргі күні олардың саны 820. Бүгінгі таңда республикамызда мекендейтін халықтардың достығы мен келісімі уақыт тезінен өтті деп толық сеніммен айтуға болады. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы бірлігінің жарқын мысалы ретінде Алматы облысындағы су тасқынынан зардап шеккен Қызылағаш ауылына көрсетілген көмекті атап өтті. Бұл ретте тек Ассамблея мүшелерінің жеке қаржысы есебінен 47 млн теңге жиналған. Тұрақтылық пен келісім – бұл күн сайынғы үлкен жұмыс, оны жылдан – жылға, ұрпақтан- ұрпаққа жеткізіп, жалғастыру қажет. Сондықтан Елбасы кезекті сессияда қазақстандықтар алдына ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған бірқатар жаңа міндеттер қойды. Бірінші кезекте, Ассамблея ел тәуесіздігінің 20 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуге белсене қатысуы тиіс. Сондай-ақ Ассамблеяға Қазақстанның табыстарын насихаттау, таяудағы онжылдыққа арналған міндеттерді түсіндіру жүктеледі. Мемлекеттік тілді дамыту маңызды басымдық болып қала береді. Біздің төзімділік тәжірибемізді шетелдерде одан әрі белсенді ілгерілетудің де мәні үлкен. ЕҚЫҰ-ның алдағы Астанада өтетін Саммитіне байланысты ауқымды жұмыстар күтіп тұр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Отанды қастерлеу – елдігіміздің тірегі. Біз отаншыл болуға, жас ұрпақтың санасына отаншылдық ұғымын берік орнықтыруға тиіспіз. Біле-білсек, Отанды сүю – біздің перзенттік парызымыз, қарыс қадам үшін жанын қиған бабалардың асыл аманатына адалдығымыз!Алдымызда әлі талай асқар асулар бар, алмағайып заманына сай құбылып тұрған ғалам бар.Біз соның бәріне төтеп беріп, ортақ Отанымызды көзіміздің қарашығындай сақтауға тиіспіз.Ол үшін бізге ең әуелі ынтымақ пен береке-бірлік керек. Ендеше, тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз аман, мемлекеттігіміз мәңгі, береке-бірлігіміз баянды болсын, ағайын!
Қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуға үлес қосқан бірқатар қазақстандықтарға Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бiрлiк» алтын медалiн табыс етті. Еліміздегі бірегей институттың маңызды рөлін түрлі этностар қауымдастықтарының жетекшілері де тілге тиек етті. Ассамблеяны құру арқылы біз ұлттық бірліктің дербес жолын таптық. Енді осы жолда атқарылған істерді жалғастыру қажет. Қазақстан халқы Ассамблеясы 16 сессиясының “Сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік” ұранымен өткізілуі кездейсоқтық емес. Өйткені бұл қағидаттар біздің еліміздің ішкі де, сыртқы да саясатының рухын бейнелейді. Сессия жұмысына қатысқан Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының төрағасы, өңір басшысы Серік Біләлов бастаған солтүстікқазақстандық делегация өкілдері бұл -бүгінгі басты жетістігіміз дейді.
Солтүстікқазақстандықтар Елбасының сессияда қойған міндеттерін орындауға әзір. Өйткені бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастырған көп жылғы еңбектің жемісін еселей түсудің егеменді еліміз үшін маңызы зор.
Айымгүл Әбілева