Әр түрлі

Шоқан бейнеленген марка

 

Пошта маркілері арқылы әр елдің өмірі, тарихы, мәдениеті, өнері туралы  білуге болады. Конверттерге жапсырылған осы кішкентай маркілер әлемнің әр шетіне жол тартады. “Естелік, мерейтойлық күндер мен мерекелер” Қазақстан -Ресей бірлескен сериясы бойынша ұлы ғалымы, тарихшы, этнограф Ш.Уәлихановтың 175 жылдығына арналған маркінің тұсаукесері Петропавлда  өтті.

  Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары :

 

 

-Қазақ ғалымы, тарихшысы, этнографы, саяхатшысы Шоқан Уәлихановтың туғанына 175 жыл толуына орай Ресей -Қазақстан бірлескен пошта маркісін айналымға енгізіп отырмыз. Бұл екі елде Шоқан Уәлихановтың тарихи рөлінің ерекше бағалануының белгісі.

Маркінің авторы -суретші Данияр Мұхаметжанов. Онда Шоқан Уәлиханов  бейнесінің сыртында өзі саяхат жасаған Қашқария картасы бейнеленген. Көлемі 28 /40 миллиметрлік маркі 50 мың данамен шығыпты.

 Сабырғазы Имашев, “Қазпочта” АҚ СКОФ директоры:

– “Қазпочта” АҚ қызметтік бағдарының бірі – бүкіл әлемге жіберілетін хат-хабарлардың белгісі болып табылатын пошта маркісінің шығарылымы.1992 жылдың наурыз айынан Қазақстан маркілері пошта каталогтары мен филателистердің коллекцияларына енді.

“Қазпочта” АҚ 18 жылдың ішінде пошта маркісінің 600- ден аса түрін шығарған. Ал облыста маркілерге мөр қойып, қолданысқа енгізу бұған дейін екі мәрте ғана өткізілген. Үшіншісі “Шоқан Уәлиханов” маркісі. Сөз алғандар аққан жұлдыздай жарқ еткен Шоқан Уәлихановтың қысқа ғұмырында атқарып кеткен еңбектері туралы әңгімеледі.  

 
Тамара Манцуровская, “Қазпочта” АҚ СҚО Ф пошта бөлімінің бастығы:

-50 мың дана көп емес. Сондықтан тез тарап кететіндігіне сенімдімін. Бір бөлігі филателистердің қолдарына түседі деп ойлаймын. Бұл маркі Қазақстан-Ресей бірлескен сериясы аясында шықты. Сондықтан ресейлік филателистердің де қызығушылығы үлкен болуы мүмкін.

Ал мөрі басылып, тұсауы кесілген маркінің бірінші данасы «Қазпочтаның» бас кеңсесінде сақталады.

Әсем Сембина