Әр түрлі

Статистика департаментінде – ашық есік күні

 

 

Статистика – қоғам дамуының айнасы. Мемлекеттік статистика органдары қоғамның барлық салалары мен бағыттары бойынша мәліметтер жинайды. Ашық есік күніне орай департамент қызметкерлері ел экономикасы, халықтың тұрмыс деңгейі, денсаулығы жөніндегі  ақпаратты жұртшылық назарына ұсынды. Оның ішінде облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы, өңірдегі гендерлік және демографиялық хал-ахуал туралы деректер молынан.

  Ләззат Жетпісбаева , СҚО статистика департаментінің еңбек және үй шаруашылығын зерттеу басқармасының бастығы:
– Жыл сайын 200 атаудан артық данамен басылымдар шығарылады,  2 мың данамен және 5 мың данамен жедел ақпараттар жарық көреді. Статистикалық ақпараттар мен жарияланымдарды негізгі пайдаланушылар мемлекеттік органдар болып табылады. Оларға шығарылатын барлық ақпараттың 90 пайызын ұсынамыз.

Сонымен қатар ғылыми қызметкерлер мен студенттер де бұндай ақпарат көздерін жиі қолданады. Айта кету керек, пайдаланушылар үшін статистикалық мәліметтер қолжетімді. Статистика департаментінің жинақтары облыс орталығындағы кітапханалар мен оқу орындарында бар. Мекеменің сайтында барлық деректер жарияланады. Мамандар статистикалық мәліметтерді жинап, қалыптастырудың түрлі амал-тәсілдері бар дейді.

Надежда Ушакова, СҚО статистика департаменті бастығының орынбасары:
Статистика көрсеткіштері кең ауқымды болып табылады. Бұл орайда ақпарат жинаудың тәсілдері сан алуан. Бірақ ғылыми негізде деректер алынатын екі жаһандық амал бар. Бұл кәсіпорындар мен мекемелер міндетті түрде тапсыратын есептер мен арнайы зерттеу жұмыстары. Екінші тәсілге он жылда бір рет өткізілетін халық санағы мен ауыл шаруашылығы санағын жатқызуға болады. Сондай-ақ отбасылардың жағдайы да арнайы зерттеледі. Бұндай шара елімізде соңғы рет 2006 жылы жүргізілді.

Бұл шара биыл да жүргізілмек. Облыс бойынша 1 200 отбасы қамтылады деп жоспарланып отыр. Қараша айында басталатын шараға қазіргі күні дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

 Айымгүл Әбілева