Қылмыс

Қарақшылық оқиғасы тіркелді

 

 

 

 

 

Тонаушылар қара істерін түн ортасында жүзеге асырған. Олар кәсіпорынға кіріп келіп,  бірі бухгалтер әйелдің басынан ұрып құлатып, екіншісі кассаға бет алыпты. Ашық тұрған сейфтен 3 млн теңгені олжалаған олар оқиға орнынан ізін жасырады. Жедел тергеу тобы анықтағанындай, қарақшылар сырттағы құлыпты сындырып, кодталған есікті оңай ашып кірген. Кассаның қайда орналасқанын білгендеріне қарап, полиция сезіктілердің сол мекеме жұмысшылары болуы мүмкін деген болжам жасады.

Ермек Тобылбаев, Петропавл қалалық ІІБ-нің 1-полиция бөлімі бастығының орынбасары:
-Бұл қылмысты ашу мақсатында жедел іздестіру шаралары жүргізілді. Осындай қылмыстар үшін бұрын сотталған, тіркеуде тұрған адамдар тексерілді. Іздестіру шаралары барысында қылмысқа сезікті ретінде аталмыш серіктестікте бұрын жұмыс істеген жігіт ұсталды. Ол бірден өз кінәсін мойындады. Қарақшылық шабуылға қатысқан басқа күдіктілерді де ұстадық.  

Бұл қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 4 адам ұсталды. Тонауға олар алдын ала дайындалған екен. Ұрланған ақшаның бір бөлігін қарақшылар өз пайдаларына жаратып та үлгеріпті. Қылмысты ұйымдастырушы  кәсіпорынның 21 жастағы бұрынғы жұмысшысы болып шықты. Бұл әрекетке ол бұрынғы бастығынан өш алу мақсатында бардым деп түсіндірді.

Күдікті:

-Себебі олар бізді алдады, менің жалақымның жартысын төлемеді. Біз ұрлаған ақшаға пәтер жалдадық, өзара бөлісіп алдық.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 179-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталды. Күдіктілердің барлығы қоғамнан оқшауландырылды.
 

 

Кәусар Аяпбергенқызы