Білім

“Қазақ тілінің үздік оқытушысы” байқауы

 

 

 

Байқау мемлекеттік мекемелерде қазақ тілінен сабақ беретін оқытушылар арасында жыл сайын ұйымдастырылады. Бұл сынның мақсаты –  мұғалімдердің кәсіби біліктілігін шыңдап, қазақ тілін оқытудағы озық әдістемелер мен инновациялық тәсілдерді анықтау. Облыстық байқау жеңімпазы республикалық кезеңге жолдама алады. Рахат Әзімбаева былтыр Астанада өткен сайыста өңір намысын абыройлы қорғап, үшінші орынды жеңіп алған. Бүгін ол  қазылар алқасының мүшесі.

  Рахат Әзімбаева, СҚО мемлекеттік тілді оқыту орталығының оқытушысы :
– Қиындығы – Астанадағы мемлекеттік қызмет академиясының  тыңдаушыларына сабақ беру. Мүлдем танымайтын аудиторияға келіп, өзіңнің шеберлігіңді көрсетуің керек. Қаншалықты аудиторияны өзіне қарата алады, алдына қойған мақсатына жете алады, тақырыпты қаншалықты аша алады.Соны байқайды.

Сондықтан үміткерлерге қойылған талаптар үлкен. Олар тіл үйретуде тиімділігі жоғары әдіс-тәсілдерді қолданып, сабақ берудегі өзіндік шеберлігін көрсетуі тиіс.

  Рахат Әзімбаева,  СҚО мемлекеттік тілді оқыту орталығының оқытушысы:
-Біріншіден, олар өзінің сабағын көрсетеді, онда қолданатын әдіс-тәсілдерін көрсетеді,  жалпы коммуникативтік бағытта оқыту тәсілдерімен, өзінің әдістемелік қоржынымен таныстырады. Сонымен қатар мемлекеттік тілге байланысты эссе жазады. Оның болашағына , дамуына қатысты өзінің ой-пікірін жазады.

Үстіміздегі жылы “Қазақ тілінің үздік оқытушысы” атану үшін 12 үміткер сынға түсіп отыр. Марат Балтабаев Уәлиханов ауданынан келіпті. Оның мемлекеттік қызметшілерді оқыту үшін әзірлеген өз бағдарламасы бар.

  Марат Балтабаев, Кішкенекөл орта мектебінің директоры, Уәлиханов ауданы:
Жалпы құрастырған бағдарламамдағы негізгі бағыт – біздің Уалиханов ауданындағы атақты адамдарды насихаттау. Оның ішінде Сәкен серіміз бар, Әлдібек биіміз бар, атақты әншілеріміз, атақты палуандарымыз бар – осы кісілерді елдің ішінде насихаттап, сол кісілердің өмір тарихымен таныстыру болып табылады.

Байқау қорытындысы бойынша мемлекеттік тілді оқыту орталығының оқытушысы Айнұр Қалиева жеңімпаз атанды. Енді ол қараша айында Елордада өтетін республикалық кезеңде сынға түседі.

 Айымгүл Әбілева