Қоғам

Үкіметтік емес ұйымдармен әріптестік

Отырыс бірқатар ұйымдардың 2009-2010 жылдар бойынша атқарған жұмыстарын қорытындылауға арналды. «СҚО Азаматтық Альянс Қауымдастығы» бірлестігінің төрағасы Сергей Худяков 2007 жылы құрылған қоғамдық сарапшылар Кеңесінің жұмысына тоқталды. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың 8% ғана ауылдық аймақтарда, қалғаны облыс орталығында жұмыс істейді екен. Сондықтан бірлестік жетекшісі ауылдардағы ұйымдардың белсенділігін арттыру қажеттігін де атап өтті.  

 

 

Сергей Худяков, «СҚО Азаматтық Альянс Қауымдастығы» бірлестігінің төрағасы:
-Осыдан 1 ай бұрын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша бағдарлама қабылданды. Әлеуметтік тапсырыспен құрылыс және энергетика басқармасы айналысқаны жөн. Аудандық жерлердегі ұйымдарды көбірек жұмысқа тарту қажет.

Ал «Экосфера» қоғамдық бірлестігі жылуды үнемдеу мәселесіне қатысты жаңа технологияны енгізуге ұсыныс білдірді. Былтырғы жылыту маусымында №4 қалалық емханада өткізілген сынақ жақсы нәтиже көрсетіпті. Енді облыс бойынша жылына 500 млн теңгені үнемдей алатын жаңа технологияны тұрғын үйлерге енгізу қажеттігі бірауыздан мақұлданды.

Хасип Сюникаев, СҚО бойынша энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары:
– Бұл технологияны енгізсек, тұтынушыларға еш зиян келмейді. Керісінше, бұл жылуды үнемдеуге жол ашатын таптырмас мүмкіндік.

Ал «2006-2011 жылдарға арналған ҚР-дағы азаматтық қоғамды дамыту» тұжырымдамасының жүзеге асырылу барысымен жастар ұйымдары бірлестігінің төрағасы таныстырды. Сергей Белов жастар тарапынан атқарылған шаралардың көптігі мен маңыздылығына баса назар аударды. Отырысты облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов қорытындылады.

Фархад Қуанғанов, облыс әкімінің орынбасары:
-Қоғамдық сарапшылар Кеңесін қолдау қажет деп ойлаймын. Ұсыныстары орынды. Жылу үнемдейтін технологияны алдағы жылдан бастап тұрғын үйлер мен әкімшілік мекемелерде, өнеркәсіп орындарында орнатуға мүмкіндік жасау қажет.

 Кәусар Аяпбергенқызы