Билік

Индустриялық даму бағдарламасы партиялық бақылауда

 

 

 

 Үдемелі даму бағдарламасының ел экономикасы үшін маңызы зор. Сондықтан бақылау да күшті. Жыл соңына дейін 152 жоба түгел  жүзеге асырылуы керек. Ал бағдарламаның орындалуын бақылауға нұротандықтар да белсенді қатыспақ. Облыстық филиалда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының орындалуын бақылау мен мониторингілеу бойынша құрылған комиссия өз жұмысын бастап кетті. Бұл жерде кемшіліктерді анықтаумен қатар жобаларды жүзеге асырушыларға көмек көрсету де қарастырылған.

  Иван Чиркалин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Алдымен бағдарламаны жүзеге асыру жолында қандай кедергілер бар? Партия, үкімет арқылы осы кедергілерді жоюға көмек береміз. Яғни жоспардағы жұмыстың барлығы орындалуы керек. Ал бағдарламаға қоғамдық ұйым жақсы бақылау орната алады. Мен оған сенімдімін.

Облыста үстіміздегі жылы жалпы құны 12,5 миллиард теңгенің 9 жобасын жүзеге асыру жоспарланған еді. Жетеуі тапсырылды.

  Александр Иванищев,  облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

–  “Тиолайн” зауыты Обухов кен орнынан титан-цирконий алу мен өңдеу ісін қолға алды. Қыркүйектегі мәліметтерге қарасақ, зауыт 23 және 123 тонна люмено-титан және цирконий қосындысын алған.

Мәжіліс депутаты, бағдарламаның жүзеге асырылуын бақылау және мониторингілеу бойынша сараптау кеңесінің өкілі Иван Чиркалин жобаларды іріктеу кезінде жеңіл өнеркәсіпке көңіл жеткілікті бөлінбегендігін атайды. Мұнай өңдеу саласына, қорғаныс кешеніне қажетті қондырғылар шығару Петропавл зауыттары шеберлерінің қолынан келеді. Бірақ мұндай жобалар бағдарламаға енгізілмеген. Бағдарлама сан-саланы қамтыған. Сондықтан шама келгенше бәсекеге қабілетті, сұранысты қамтамасыз ететін жобаларға басымдық берілуі керек.

  Иван Чиркалин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 – Әуе саласына келейік, бағдарламада 9 қаладағы ұшып-қону жолдарын күрделі жөндеу туралы айтылған. Бұл жұмыс Қызылорда, Көкшетау, Семей, Қостанай, Орал, Талдықорған, Петропавл қалаларында жасалуы тиіс болатын. Бұл жұмыс неге жүргізілмеген?

Жобаның жүзеге асырылуына жауапты органдар басшылары бұл салаларды қамтуға тауар өндірушілер тарапынан өтініштердің жоқтығын, кәсіпкерлер қаржы тапшылығын алға тартады. Мәжіліс депутаты жақсы идея мен пайдалы іске елімізде қаржы бар екендігін, ол үшін министрліктермен байланыс орнату қажеттігін айтады.

 Әсем Сембина