ТЖ

Төтенше жағдайлар қызметіне – 15 жыл

 

 

 

 

Өңір құтқарушыларының қатары 7 жас маманмен толықты.  Жаңа қызметке енді аяқ басқан құтқарушылар өздеріне жүктелген міндеттің жеңіл еместігін түсінеді. Тапсырмаларды орындай жүріп, оны өздері талай рет көрді. Салтанатты түрде ант қабалдағандардың қатарында Қуаныш Құсайынов та бар. Ол бұл мамандықты мектеп қабырғасынан таңдаған. Әскери борышын өтеп жүргенде өзінің спорттық қабілетін де ұштаудан жалықпапты. Бұл құтқарушының жұмысына өте қажет дейді Қуаныш.

  Қуаныш Құсайынов:
 – Әскерден кейін жұмысқа кіріп жатырмын. Бүгін ант қабылдадық. Адамдардың өмірін құтқаруда өзімнің үлесімді қосамын деген ойдамын.

Ант бергендер енді бұдан былай өңір аумағындағы өртке қарсы күрес бөлімшелеріне бөлініп, еңбек жолдарын бастайды. Сондай-ақ бұл күні мерейтой иелері қызмет барысында пайдаланылатын жабдықтар мен арнайы техникаларын көпшілік назарына ұсынды.

  Жасұлан Өмірбеков,  №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға шебері:
-Тыныс алу және көзді сақтайтын аппарат Германияда шығарылады. Бұлар өрт кезінде өте қолайлы. Жазда +40 градуста 60 минутқа, қысты күні -25 градуста 45 минутқа тыныс алу аппараты жетеді.

2007  жылдан қолданысқа еңгізілген заманауи құрылғылармен құтқару қызметінің әр жауынгері жабдықталған. Оның жарамдылығын сынайтын “Тестер” құрылғысы да бар. Биылдың өзінде құтқарушылар табиғи апаттар мен тілсіз жаудың 1 300-ге жуық құрбанын ажал аузынан аман алып шығыпты. Кешенді және жедел әрекеттері 500 млн теңгенің   материалдық құндылықтарын залалдан сақтап қалған.

  Самат Ескендіров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Сіздердің қызметтеріңіз ерлік пен батырлыққа жатады. Сондықтан қашан да жасаған ерліктеріңізді біз біліп отырайық. Облыс әкімі бүгінгі құттықтауды тапсырғанда сіздерге қамқорлық, басқа жағдайлар жасалатынын айтты.
Құтты болсын мерейтойларыңыз.

Салтанатты жиында  төтенше жағдайлардың алдын алуда ерен еңбегімен танылған өрт сақшылары ерекше құрметке бөленді. Облыс әкімінің құрмет грамоталары, алғыс хаттары өз иелерін тапты. Өртке қарсы күрес қызметінің майоры Кенжеболат Айтжанов “Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін” кеуде белгісімен марапатталды.

Кенжеболат Айтжанов, СҚО ТЖД өрт сөндіру кезекші қызметі жетекшісінің орынбасары:
 -Осы қызметте жүргеніме 17 жыл болды. Еңбегімді бағалаған басшыларға рақмет. Жеке құрамға рақмет айтамын. Олар болмаса, осындай жақсы көрсеткіштерге жетпес едік. Әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын.

Бастаған істерін абыроймен жалғастырып жүрген ізбасарларының табысты жемістеріне куә болған өрт сөндіру қызметінің ардагерлері бар мадақтауларды қуана қабылдап отырды. Қадірменді қонақтардың арасында бұл салаға 20 жылын арнаған Зура Жамалиева да бар. Зура Жармекенқызы қызметін өрт сөндіру бөлімінің жауынгерінен бастап, құрметті демалысқа аға инженер болып шығыпты.
 

 Зура Жамалиева,  өрт сөндіру қызметінің ардагері:
 – Қай уақытта болсын өрт сөндіру оңай емес. Бүгінгі жастарға тілейтінім зор денсаулық, қызметтері жемісті болсын.

Сондай-ақ оқушылар арасында өткен сурет байқауы мен соңғы құтқарушылар спартакиадасының жеңімпаздары да марапатталды. Салтанатты жиын қала өнер ұжымдарының қатысуымен мерекелік концертке ұласты

 Жеңіс Ермұқанов