Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жаңа өндіріспен таныстыру

 

 

 

 Таныстырылымға Қазақстан мен Ресей Федерациясының ғалымдары, ауыл шаруашылығы министрлігінің, өзге облыстардың өкілдері, аудандар мен ауыл әкімдері, мамандар қатысты. Қазақстандағы алғашқы тыңайтқыш зауытының құрылысы біздің өңір үшін маңызды жоба. Облыс әкімі Серік Біләлов жиналғандарға алдымен өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімеледі.  

 

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Үстіміздегі жылы облыстың ауылшаруашылығы еңбеккерлері 4 миллион 100 мың тонна астық алды. Биылғы бидай сапасы жақсы. 85 пайызы 3 класты. Бидай шығымдылығы гектарына 10,5 центнерден. 185 мың тонна майлы дақыл жинадық.

Ауылшаруашылығы саласы мамандары мұндай өнімге ылғал сақтау технологияларының арқасында қол жеткізілгенін айтады. Ал тыңайтқыш зауыты іске қосылған кезде өнім көлемі мен сапасы одан да артатын түрі бар. “Биоплант флора” органикалық- минералды тыңайтқыш Ресейдің елу шақты ғылыми-зерттеу институттарында тексерістен өткен.

  Беслан Кобахия,  ММУ инновациялық технологиялар институты директорының орынбасары:

-Біз мың бірінші тыңайтқыш шығарамыз деген мақсат қойған жоқпыз. Біздің мақсат өзгелерді қайталамайтын, қолжетімді өнім шығару болды. Бұл жұмысқа сегіз жыл кетті. Біз мақсатымызға жеткенімізді түсіндік. Бұл өнім алдымен өсімдіктің иммундық жүйесін нығайтады.

Таныстырылымда сөз алғандардың айтулары бойынша, тыңайтқышты қолдана отыра, өнім көлемін 10-30 пайыздан  40-80 пайызға дейін өсіруге болады. Әрі бұл тыңайтқыштар дәнді дақылдарға да, көкөністерге де, тіпті, гүлдерге де бірдей қолданыла береді. Тыңайтқыштарды ресейлік диқандармен қатар  қазақстандықтар да қолданып үлгерген. Жамбыл ауданындағы “Агротехника Жамбыл” серіктестігі биыл 165 гектар бидай алқабына осы тыңайтқышты  шашқан. Серіктестік агрономы Владимир Лобода әріптестеріне сынақ нәтижесі туралы әңгімелеп берді.

  Владимир Лобода, “Агротехника Жамбыл” ЖШС агрономы:

-Біз шамамен өнімділіктің 30 пайыз өскеніне көз жеткіздік. Сонымен қатар дәнді дақылдарға тән түрлі аурулар байқалған жоқ. Өзге алқаптарға қарағанда арамшөп аздау болды. Кілегейлілігі де жоғары – 25 пайыз шамасында. Ал өзге алқаптарда 23-тен айналды.

Ресейдегі осы тыңайтқышты өндірушілер де минералдық қоспаны қолдану кезінде жеткен жетістіктері туралы әңгімеледі. Осы жобаның тұсаукесеріне келген “АКА групп” компаниясының президенті Асқар Күлібаев Қазақстан үшін бұл өндірістің маңызын ерекше бағалайды.

  Асқар Қүлібаев ,”АКА Груп” компаниясының президенті:

 – Ресейдің бұл тыңайтқышты  шығарғанына 7-8 жыл болыпты. Нағыз жеттік деген уақыт. Қазақстанда кіргізсек деп отырмыз. Облыстың жері қара топырақ қой. Сондықтан осында келдік.  

2011 жылдың ортасында солтүстікқазақстандық тыңайтқыш зауыты іске қосылмақ. Ғылым мен өндіріс саласындағы ынтымақтастық арнайы меморандуммен бекітілді. Алты жақты келісімге облыс әкімі, Ресей мен Қазақстан ғылым академияларының, инвестор компаниялардың басшылары қол қойды.

 Әсем Сембина