Балалар

Рухани келісім туралы конференция

 

 

 

 

 Ғылыми-тәжірибелік конференция рухани келісім күніне орай ұйымдастырылды. Бұл мереке елімізде он сегіз жылдан бері атап өтіледі. Рухани сыйластық пен келісім – халқымыздың баға жетпес құндылығы. Конференцияда бұл бай мұраны кейінгі ұрпаққа сақтап қалу жайы кеңінен сөз болды. Осы ретте жастардың діни сауаттылығын ашып, оларды рухани құндылықтарды бағалауға баулу қажет. Бүгінде кейінгі буын өкілдерінің кейбірі  дәстүрлі емес ұйымдар мен діни ағымдар ықпалына түсіп жатыр.

  Таштан Таштанов, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ  2 курс студенті:
 -Дәстүрлі емес ұйымдар біздің облыста да бар. Олардың қатарын толықтырып жатқан жастар да жоқ емес. Олар сөйтіп, қоғамдағы дәстүрлі ағымдар мен түсініктерге қарсылық көрсеткілері келеді. Бұл мәселеге терең қарау керек. Бұл орайда дәстүрлі діндер мен рухани құндылықтарды жастар ортасында кеңінен насихаттаудың маңызы зор.

Конференцияда әлемдік діндердің рухани құндылықтары әңгіме өзегіне айналды. Ал “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығы жаңа жобаның тұсауын кесті. Жоба авторлары этнографиялық ауыл құру арқылы қазақ халқы мәдениетіне жақындасу мүмкіндігі зор екенін айтады. Елімізде тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерінің конфессияаралық және мәдени келісімін, достық қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған жүйелі саясатымыз бүгінде халықаралық қауымдастықта ерекше құрметке ие. Алдағы аптада Астанада дүниежүзінде алғаш рет бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы өтпек. Жиында рухани және мәдени құндылықтардың мәртебесін жоғарылату үшін алда тұрған мақсат-міндеттер кеңінен талқыға салынады.

Айымгүл Әбілева