Қоғам

Ресейлік профессор – Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы


 

 

Ресей мемлекеттік қызмет академиясының профессоры Анатолий Спицын кезінде Солтүстік Қазақстан жерінде бірге жұмыс жасаған әріптестерімен қайта жүздесті. Осы адамдармен ол облысымыздың дамуы жолында жиырма жылға жуық аянбай еңбек етті. Анатолий Спицыннің қызмет жолымен облыс активін өңір басшысы Серік Біләлов таныстырды.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Анатолий Спицын үш Еңбек Қызыл Ту орденімен, Ресей жаратылыстану ғылымдары Академиясының орденімен, экономикадағы жетістері үшін медалімен марапатталған. 1962 жылы Қазақстанға келіп, Петропавлда инженер-құрылысшы болып еңбек етті.  

 Анатолий Спицыннің тәжірибелі маман, ал кейін білікті жетекші, қоғамдық қызметкер ретінде қалыптасуы Солтүстік Қазақстан жерінде өтті. Профессор өзі де біздің өңірімізде еңбек еткен жылдардың аса жемісті болғанын айтады.
Жиында өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін Анатолий Спицынге “СҚО Құрметті азаматы” атағы берілді. Бұндай құрметке еңбек ардагері Жақсылық Ысқақов пен облыстық мәслихат депутаты Мұхамеджан Лұқбанов та ие болды. Солтүстіктің берекелі жері көптеген құрметті азаматтарды тәрбиелеп өсірді. Аға буын өкілдері, еңбек ардагерлері сол жылдары Анатолий Спицын секілді адамдармен жұмыс жасағандарын мақтан етеді.

  Нелли Иванова, еңбек ардагері:
-Біздің құрметті азаматтарымыз қайнаған өмірдің ортасында жүрді ғой. Олар аянбай еңбек етті. Бүгінгі таңдағы жетістіктердің барлығында осы азаматтардың зор үлесі бар.

Анатолий Спицынді Тәуелсіз еліміздің бүгінгі экономикасының серпінді дамуы қуантпай қоймайды. Бұл жетістіктердің барлығы Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасы дейді профессор. Кездесу соңында марапатталғандар естелік суретке түсті.

Айымгүл Әбілева