Спорт

Маусым соңында «Қызылжар» жеңе бастады



 

 Өз алаңдарындағы гол соғудың соңғы мүмкіндіктерін жергілікті аяқ доп шеберлері барынша пайдаланып қалуға тырысты. Кездесу басталысымен ала допты ұршықтай иіріп, алға шапқан қызылжарлықтар есеп ашты. Турнир кестесі бойынша үш саты төмен қонақтар да берілейін демеді. Қарымта шабуылдарға көшіп, жергілікті жігіттердің талпыныстарын орта жолдан кесіп отырды. Тек кездесудің 40-шы минутында тас қамал  бұзылып, петропавлдықтар мақсатына жетіп қалған еді. «Гефестің» ойыншылары қақпаны нысанаға алған Станислав Шулякты өрескел ереже бұзып, тоқтатуға мәжбүр болды. Ол төреші тағайындаған 11 метрлік айып добын орындап, есесін қайтарып, есепті еселеді. Ойынның екінші бөлігінде жанкүйерлер үшінші голдың куәгерлері болды. Тек бұл жолы бірін-бірі түсінбеген қонақтар допты өз қақпаларына енгізіп алды. Ойынның соңғы минуттарында ғана теміртаудың жігіттері бір голмен жауап қайтарды. Қорытынды есеп 3-1.

  Юрий Чухлеба,”Қызылжар” ФК бас бапкері:
-Кездесу біздің толық басымдылығымызбен өтті. Жалпы футболшылар маусым бойы жүктелген тапсырманы орындап шықты. Әзірге біз турнир кестесінің 10-шы сатысындамыз. Ендігі мақсат бұл деңгейден түсіп қалмау.

Жергілікті аяқ доп шеберлері маусымдағы соңғы кездесулерін сырт алаңда Алматының “Іле сәулеті” және “Цесна” құрамаларымен өткізетін болады.

 Жеңіс Ермұқанов