Әр түрлі

«Еуразия банкімен» меморандум жасалды

  

 

 

 

 

Жиынды ашқан өңір басшысы облыстың қарқынды дамып келе жатқанын сөз етті. Негізгі капиталға құйылған инвестицияның көлемі ағымдағы жылдың 9 айында 35 млрд теңгені құрады. Бұл жерде қаржы институттарының қосқан үлесі мол.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– 8 айдың ішінде шағын бизнес субъектілеріне 9 млрд теңгенің несиесі берілді. Банк секторының қоры да халықтың салымы есебінен көбеюде. Айталық депозиттегі ақша 30 млрд теңгеге жетті.

Еуразия банкі нарыққа жақсы кірігуде. Өңір басшысы клиенттермен жұмыс істеуді жоғары сапаға көтеру банктің жұмысына жан бітіретінін айтты. Өз кезегінде банктің басқарма төрағасы аймаққа келетін қаржы көлемін ұлғайтатын ойы бар екенін жеткізді.

  Майкл Эгглтон, “Еуразия банкі” АҚ басқарма төрағасы:
-Соңғы екі жыл барлығымызға да қиын болды. Экономиканы тұрақтандыру бағытында Қазақстан Үкіметі мен облыс әкімдігі тарапынан ауқымды жұмыстың атқарылып жатқанына куә болып отырмыз. Біз де дағдарысты өз күшімен еңсергендердің қатарындамыз. Бүгін біз әріптестік арқылы серіктестік байланыстардың беки түскенін қалаймыз. Бұл инвестициялық мүмкіндікті жақсартуда таптырмас құрал.

Екі жақ әріптестікті меморандумға қол қойып, бекітті. Майкл Эгглтон – құжат болашақтағы жұмысқа нақты бағыт беретін құралға айналатынына сенім білдірді. Жиында әріптестіктің 4 бағыты айқындалды. Біріншісі экономиканың нақты секторындағы ұзақ мерзімді жобаларды қаржыландыру. Бұл негізінен аграрлық салаға қатысты. Екіншісі, шағын және орта бизнесті несиелендіру. Сондай-ақ облыста бәсекелестікті дамытып, әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру да бар. Еуразиялық банктің басшылығы құжаттағы барлық міндеттерді орындауға дайын екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ банк ауылдық жерлерде бөлімшелерін ашуды жоспарлауда. Жиын соңында өңір басшысы Серік Біләлов қонаққа картина сыйға тартты. Ал Майкл Эглтон облыс әкіміне сағат сыйлады.

Жеңіс Ермұқанов